Дональд Трамп Daily Mail басылымына берген сұхбатында Иранмен қосымша келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Бірақ олардың «жақын уақытта» өтетін-өтпейтіні туралы нақты пікір білдірмеді. АҚШ президенті соңғы 48 сағат ішінде Америка халқына екінші мәрте үндеу жолдады, – деп хабарлайды kursiv.media
DW басылымының жазуынша, Трамп Вашингтонның Ирандағы әскери операциясы алдағы төрт апта бойы жалғасуы мүмкін деп санайды. Ақ үй басшысы бұл туралы Daily Mail басылымына берген сұхбатында айтқан. Газет сұхбатты жексенбі, 1 наурыз күні жариялады.
Трамптың сөзінше, барлығы жоспар сай жүзеге асырылып жатыр. Оның мәлімдеуінше, АҚШ Иран басшылығының «барлығын жойған». Ол өз сөзінде шамамен 48 адамды меңзегенін аңғартты.
Трамп Иранмен алдағы келіссөздерге ашық екенін айтты. Алайда олардың «жақын арада» өтетін-өтпейтініне нақты жауап бере алмады.
«Білмеймін. Олар келіссөз жүргізгісі келеді. Бірақ мен оларға: Сіздер өткен аптада сөйлесуіңіз керек еді, осы аптада емес дедім», – деді Трамп.
АҚШ халқына 48 сағат ішінде екінші үндеу
Трамп 1 наурыз күні түстен кейін Америка халқына үндеу жасады. Ол қаза тапқан үш америкалық сарбаз үшін «кек алуға» ант беріп, Тегеранға жаңа ультиматум қойды. АҚШ-ты «бостандық» жолындағы күресте өзін қолдауға шақырды. Daily Mail басылымының жазуынша, бұл – соңғы 48 сағаттағы екінші үндеу.
Бұған дейін, 1 наурыз күні Ақ үй басшысы The Atlantic басылымына берген сұхбатында Иран билігін «тым ұзақ күтті» деп айыптаған. Ол соңғы апталарда Вашингтон байланыс орнатқан кейбір ирандық келіссөз жүргізушілер соққылар салдарынан қаза тапқанын нақтылады.
«Олар мәмілеге келе алар еді. Мұны ертерек істеуі керек еді. Олар тым айлакерлік танытты», – деді Трамп.
Таяу Шығыстағы шиеленіс
Еске салсақ, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасы 1 наурызға қараған түні ғана ресми түрде расталды.
Сонымен бірге, Иран армия қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде мерт болғанын растады.
Аятолланың қызметін уақытша Әлиреза Арафи атқаратын болды.
Иранның ықпалды шенеунігі Америкадан кек алуға ант берді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң ескерту жасады.
Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.
Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.
АҚШ орталық қолбасшылығы Иранға қарсы әскери операция барысында америкалық үш сарбаз қаза тапқанын мәлімдеді. Тағы бес жауынгер жараланған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
