Қырғызстанның Қант қаласында оқушылар арасындағы төбелес қайғылы оқиғамен аяқталды, деп хабарлады turkystan.kz. Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 130-бабы “Денсаулыққа ауыр зиян келтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Шу облысы ІІБ мәліметінше, 22 қаңтарда 10-сынып оқушысы сөзге келіспеушілік кезінде 9-сынып оқушысына дене жарақаттарын салған. Зардап шеккен жасөспірім аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болды.
“22 қаңтар күні шамамен сағат 12:30-да Қант қаласындағы №3 мектептің маңында Ч.Д. мен Р.А. есімді оқушылар арасында сөзге келіспеушілік болғаны анықталды. Осыдан кейін олар мектеп аумағынан шығып, төбелескен. Төбелес барысында екеуі де жарақат алды. Ч.Д. жансақтау бөліміне жеткізіліп, оған ота жасалды және Бішкектегі жеке ауруханаға жатқызылды. Алайда ол есін жимастан қайтыс болды”, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта іс бойынша мектеп мұғалімдері мен оқушылары заңды өкілдердің қатысуымен сұралуда. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!