Германияда мұғалім 16 жыл бойы жұмысқа бір күн де шықпаған, бірақ осы уақыттың бәрінде толық жалақысын алып отырған. Сот оны заң бұзды деп таныды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Oddity Central басылымына сілтеме жасап.
Солтүстік Рейн-Вестфалия жеріндегі Везель қаласының кәсіби колледж мұғалімі 2009 жылдан бері еңбекке жарамсыздық қағазымен үйде отырып, ай сайын шамамен 6,1 мың еуро (шамамен 3 миллион теңге) көлемінде жалақы алып келген. 16 жыл ішінде оған жалпы 1 миллион еуроға жуық (шамамен 500 миллион теңге) төлем жасалған.
Мектептің жаңа басшылығы мұғалімнен медициналық тексеруден өтуді талап еткенде, ол жұмыс берушіні сотқа берген. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмай, керісінше 2,5 мың еуро (шамамен 1,25 миллион теңге) көлемінде сот шығындарын өтеуге міндеттеді.
Сот өкілдері бұл жағдайды «ақылға қонбайтын жағдай» деп сипаттады, себебі педагог 16 жыл бойы жұмыс орнында мүлде болмағанымен, ай сайын еңбекке жарамсыздық парағын уақытылы тапсырып отырған.
Германия заңнамасына сәйкес, мұғалімдер мемлекеттік қызметкер мәртебесіне ие болғандықтан, шектеусіз еңбекке жарамсыздық кезеңінде де толық жалақы алуға құқылы. Алайда тергеу барысында әйелдің сол уақыт аралығында медициналық стартап ашқаны анықталып, бұл мемлекеттік қызмет ережелерін өрескел бұзу деп танылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
				
					