Нью-Йорк тұрғындары енді қазақ ұнынан нан пісіретін болды. Қостанайдан Нью-Йоркке 24 тонна қазақстандық ұн экспортталды, – деп хабарлайды kursiv.media
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратынша, еліміздегі KTZ Express компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағыты инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қостанай – Нью-Йорк бағыты бойынша қазақстандық бидай ұнын жеткізудің жаңа жөнелтілімін ұйымдастырды.
«Жүк 2026 жылғы 10 наурызда жіберіліп, құрамына Қазақстандағы ірі ұн тарту кәсіпорындарының бірі әрі Орталық Азиядағы жетекші компаниялардың қатарындағы Salamat Company LLP өндірген 24 тонна өнім кірді. Қазақстандық ұнға деген сұраныстың артуы халықаралық нарықтардың біздің еліміздің өніміне тұрақты қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді», – делінген ақпаратта.
Министрліктің хабарлауынша, жүк тасымалы теміржол және теңіз көліктерін кезектестіре қолдану арқылы көптүрлі контейнерлік форматта жүзеге асырылды.
KTZ Express тасымалдың бастапқы кезеңін – жүктi контейнерге тиеу мен оны Қостанайдан Ақтау портына дейін жеткізуді қамтамасыз етті. Одан кейін жүк Каспий теңізі арқылы Алат портына жеткізіліп, әрі қарай Поти порты арқылы Қара теңізбен тасымалданып, Ыстанбұл қаласы арқылы Жерорта теңізіне шықты.
Соңғы кезеңде бағыт Атлант мұхиты арқылы өтіп, жүк Нью-Йорк портына жеткізіледі. Теңіз арқылы тасымалдау әлемдегі ең ірі кеме қатынасы компанияларының бірі – CMA CGM серіктестігімен қолға алынуда. Жалпы транзит уақыты – 58 күн. KTZ Express компаниясының мәліметінше, жүк жөнелтілген сәттен бастап соңғы жеткізу нүктесіне дейін толық бақылауда болады.
Айта кететін жайт, Қазақстанның астық пен ұн экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
