Сәрсенбі күні оқушылар мінген автобусқа шабуыл жасалды. Оқиға Пәкістанның оңтүстік-батысында орын алып, үш бала және екі ересек адам қаза тапты. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
Белуджистан провинциясының шенеунігі Ясир Даштидің айтуынша, оқиға Хуздар қаласында болған. Жанкешті әскер қызметкерінің балалары мінген автобусқа шабуылдаған. Дашти жарылыстан 38 адам зардап шеккенін мәлімдеді.
«Автобуста мемлекеттік әскери мектепте оқитын балалар отырған», – деді Хуздар полициясының қызметкері Калим Улла.
Пәкістанда мемлекеттік әскери мектептер желісі бүкіл елде бар. Оларда әскер қызметкерлерінің балалары білім алады. Жергілікті әскерилердің мәлімдеуінше, шабуылдан кем дегенде үш бала және екі үлкен кісі қаза тапты.
Шабуыл жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алмады.
Пәкістан әдетте Белуджистан өңіріндегі шабуылдарға көрші елді айыптайды. Нью-Дели айыптарды жоққа шығарады
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!