Түркияның Мерсин провинциясына қарасты Эрдемлі ауданында ірі жол апаты болды. Оқушыларды алып келе жатқан шағын автобус үлкен жылдамдықпен жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Haber Global таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға салдарынан екі адам, оның ішінде бір бала қаза тауып, тағы 10 адам жарақат алған.
Агенттіктің мәліметінше, қайғылы жағдай Мерсин–Анталья (D400) тасжолында, Аяш шағын ауданындағы Йемишкуму жағажайы маңында болған. Шағын автобус жол жиегінде тұрған тіркемелі жүк көлігіне соғылған.
Алдын ала деректерге сүйенсек, шағын автобустың жүргізушісі рөлде қалғып кеткен. Соққыдан көліктің бір бөлігі тіркемеге кіріп кеткен, ал бір дөңгелегі үзіліп, көліктің астына қарай ұшып түскен.
Автобустың ішінде Диярбакыр қаласынан Мерсинге демалысқа келген интернат оқушылары отырған. Жол апаты салдарынан бір бала және тағы бір жолаушы қаза тапты. Тағы 10 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған, олардың бірі ауыр халде жатыр. Оқиға орнына дереу полиция, өрт сөндірушілер және жедел жәрдем бригадалары жетті. Жараланғандар жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Қаза болғандардың денелері сот-медициналық сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жөнелтілді, – делінген хабарламада.
Алғашқы түсініктемесінде жүргізуші рөлде қалғып кеткенін мойындаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!