1 қараша күні кешке Донкастер – Лондон бағытымен келе жатқан пойызда пышақпен қаруланған ер адам жолаушыларға шабуыл жасады. Салдарынан тоғыз адам өміріне қауіп төндіретін жарақат алды, тағы бір адам орташа деңгейде жараланған, деп хабарлайды BAQ.KZ
The Guardian басылымының мәліметінше, оқиға Питерборо станциясынан шыққаннан кейін, Кембриджшир аумағында болған. Полиция ер адамды электрошокер арқылы залалсыздандырған. Шабуылға қатысы бар деп күдікке ілінген екі адам ұсталды, істі терроризмге қарсы бөлімше тергеп жатыр.
Британ көлік полициясы бұл оқиғаны ірі инцидент деп жариялап, әдетте лаңкестік шабуыл кезінде қолданылатын «Платон» хаттамасын іске қосқан. Кейін ол күшін жойды.
The Times газетіне сұхбат берген куәгерлердің айтуынша, жолаушылар үреймен дәретханаларға тығылған, пойыздың іші қанға толып кеткен. Әлеуметтік желіге тараған видеоларда Хантингдон станциясында полиция мен жедел жәрдем көліктері, ал пойызға қарай жүгіріп бара жатқан қарулы офицерлер көрінеді.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер болған жағдайды «өте алаңдатарлық оқиға» деп атады. Оқиғадан кейін East Coast Mainline бағыты бойынша пойыз қозғалысы дүйсенбіге дейін тоқтауы мүмкін.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен ұсталғандардың аты-жөні жарияланған жоқ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
