Қытай билігі бірнеше апта ішінде өршіп бара жатқан маса арқылы таралатын вирустық аурудың таралуына жол бермес үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
Бір айға жетпейтін уақытта чикунгунья дертімен 8 мыңға жуық адам ауырған. Науқастардың көпшілігі Гуандун провинциясындағы Фошань қаласынан тіркелген. Осыған байланысты билік пандемия кезінде енгізілген «нөлдік COVID» саясатына ұқсас шараларды енгізе бастады.
Билік дрондарды қолдана отырып, масалар көбейетін ошақтарды анықтап жатыр.
Сонымен қатар, вирус таратушы маса түрін жоятын «піл масалары» атты жыртқыш дернәсілдерді табиғи ортаға жібергені туралы хабарланды.
Чикунгунья вирусын жұқтырғандар арнайы «оқшаулау аймақтарында» немесе ауруханаларда жатқызылып, төсек-орындары арнайы торлармен жабдықталған. Олар вирусты анықтайтын сынама теріс нәтиже көрсеткеннен кейін ғана ауруханадан шығарылады.
Маска таққан әскери қызметкерлер саябақтар мен көшелерде зиянкестерге қарсы дәрі сеуіп жүр. Ал Фошань көлдеріне вирус тарататын дернәсілдерді жейтін 5 мыңнан астам балық жіберілген.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, қала тұрғындарына барлық тоқтап тұрған, тұрып қалған суды жою тапсырылған. Ал учаскелік қызметкерлер әрбір үйді тексеруге міндеттелген. Үй иелері мен кәсіпорындар бұл талапқа бағынбаса, 10 мың юаньға дейін айыппұл салынуы немесе «жұқпалы аурудың алдын алуға кедергі келтіргені» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Фошань қаласында Чикунгуньяға қарсы дәрілерді сатып алу үшін азаматтар аты-жөнін тіркеуі міндеттелген. Ал екі қала өз аумағына қайтып келген тұрғындарға денсаулығын бақылауға алуды тапсырған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!