Астанада медиация институтын дамыту және түркі елдері арасындағы тәжірибе алмасуға арналған кездесу өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрілігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Түркия Республикасының өкілі, Түркі әлемі медиаторлар одағының төрағасы Якуп Эрикел, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ төрағасы Жанділдә Жақыпов, сондай-ақ Қырғыз Республикасының өкілі Авазбек Шамшиев қатысты.
Гүлбара Сұлтанова өз сөзінде Қазақстанда кәсіби және қоғамдық негізде медиаторлардың қызметін қамтамасыз ететін құқықтық база қалыптасқанын атап өтті. Министрлік жанынан медиаторлар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Бұл кеңес – саладағы жүйелі шешімдер қабылдауға және тәжірибе алмасуға бағытталған тиімді алаң болып саналады.
Бүгінде Қазақстанда 2 500-ден астам кәсіби медиаторды біріктіретін 25 медиаторлар ұйымы тіркелген. Сонымен қатар азаматтарға тегін кеңес беретін 1 800-ге жуық қоғамдық медиатор белсенді қызмет атқаруда.
Кездесу барысында Түркия мен Қырғызстан өкілдері өз елдеріндегі медиация институтын дамыту тәжірибесімен және тиімді тәсілдерімен бөлісті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!