АҚШ Президенті Дональд Трамп Азия елдеріне ауқымды сапарын бастады. Бұл жолғы сапар Вашингтонның аймаққа деген экономикалық және саяси мүддесінің бұрынғыдан да арта түскенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Саясаттанушы, халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасымның айтуынша, бұл сапарда коммерциялық және геосаяси басымдықтардың үйлесімі айқын байқалады.
Бұл америкалық компанияларға Азия нарығы мен ресурстарына кеңірек қолжетімділікті қамтамасыз етуге және Қытайдың өндірістік-жеткізу тізбегіне тәуелділікті азайтуға бағытталған әрекет. Вашингтонның стратегиялық шикізат жеткізуді әртараптандыруға ұмтылысының жарқын мысалы – Таиландпен аса маңызды пайдалы қазбалар жөніндегі келісім. Жалпы, АҚШ аймақтағы бірқатар елдермен сауда байланыстарын белсенді түрде қалпына келтіріп, нығайтуда, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Трамптың сапары тек экономикамен шектелмейді. Қауіпсіздік пен стратегиялық ықпал мәселесі де басты назарда тұр.
Америка әкімшілігі Үнді-Тынық мұхиты стратегиясының бөлігі ретінде Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин және Австралиямен өзара әрекеттесуді кеңейту арқылы аймақта өзінің әскери және саяси қатысуын күшейтуге тырысады. Әсіресе Оңтүстік Қытай теңізі мен Тайвань бұғазындағы кеме қауіпсіздігі мен әскери тұрақтылық ерекше назарда, – деді Риззат Тасым.
Трамп пен Си Цзиньпин кездесуі: сауда соғысына үзіліс бола ма?
30 қазанда Трамп Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Сарапшы бұл кездесуден нақты серпіліс күтудің әзірге ерте екенін айтады.
Сауда соғысынан тұрақты сауда қатынасына көшу туралы айту тым ерте, әзірге оның орын алуы екіталай. Себебі екі ел экономикасы арасындағы қайшылықтар тым күрделі әрі жүйелі. АҚШ америкалық өндірушілер мен фермерлерге тиімді жаңа сауда мәмілесін жасауға, санкция әсерінен үзілген арналардың бір бөлігін қалпына келтіруге және ішкі аренада өз позициясының мызғымастығын көрсетуге тырысады. Ал Қытай ұзақ мерзімді жеңілдіктер жасауға ынталы емес, өйткені Вашингтон қытайлықтардың технология мен инвестицияға қолжетімділігін шектеп отыр, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда екі ықтимал сценарий бар.
Егер кездесу сәтті өтсе, тараптар қосымша тарифтер мен экспорттық шектеулерді, оның ішінде сирек кездесетін металдар бойынша қарама-қайшылықты шегеру туралы негіздемелік келісімге келе алады. Бұл уақытша тұрақтану белгісі болып, қаржы нарықтарындағы сенімді нығайтып, Трамптың ішкі позициясын күшейтер еді. Ал егер кездесу нәтижесіз аяқталса, жаңа тарифтер мен экспорттық бақылау шаралары енгізілгенге дейін сауда және технологиялық қысымның күшеюін күтуге болады. Мұндай жағдайда екі держава арасындағы жағдай одан әрі ушығып, жаһандық экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді, – деп түсіндірді ол.
«Азия ешкімнің жағына шыққысы келмейді»
Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда Азия елдері АҚШ пен Қытай арасындағы текетіресте нақты бір тарапты таңдауға мүдделі емес.
Менің пайымдауымша, қазір ешбір аймақ Вашингтон мен Пекиннің біреуін ғана таңдауға ниетті емес. АҚШ-тың көп уәделеріне қарамастан, Қытай Азияның көптеген елдері үшін басты әрі негізгі сауда серіктесі болып қала береді. Сондықтан Трамп кейбір символдық жетістіктерге жетсе де, аймақтың экономикалық географиясын түбегейлі өзгерте алмайды, – дейді Риззат Тасым.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
 
				 
					