Дональд Трамп Гренландияны АҚШ-тың бақылауына алу бастамасына қарсы шыққаны үшін Еуропаның сегіз еліне 10 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Жаңа тарифтер 1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланд пен Финляндияға қатысты қолданысқа енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АҚШ президентінің айтуынша, 1 ақпаннан бастап аталған елдерден АҚШ-қа экспортталатын тауарларға 10% баж салығы салынады. Ал 1 маусымнан бастап бұл мөлшерлеме 25%-ға дейін өседі.
“Біз көп жылдар бойы Данияны, Еуропалық одақ елдері мен өзге де мемлекеттерді ешқандай кедендік алымдарсыз немесе өзге өтемақы талап етпей субсидиялап келдік. Енді, ғасырлар өткен соң, Данияның жақсылыққа жақсылықпен жауап беретін уақыты келді. Бұл жерде бүкіл әлемдегі бейбітшілік мәселесі тұр”, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамп бұл баж салығы Гренландия бойынша келісім жасалғанға дейін қолданылатынын жеткізді.
Трамп “Қытай мен Ресей Гренландияны иемденгісі келетінін” мәлімдеді. Оның айтуынша, “Дания бұл мәселеде ештеңе істей алмайды”.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген еді. Артынша Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
