АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң мәлімдеме жасап, оларды толық әрі шартсыз тізе бүгуге шақырды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі хабарлайды.
Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп АҚШ-тың Иран әуе кеңістігін толық бақылап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Иранның қорғаныс жүйелері бар болғанымен, олар Америка қару-жарағымен салыстырғанда әлсіз.
«Біз Иранның әуе кеңістігін толық бақылап отырмыз. Олар жақсы қорғаныс жүйесіне ие, бірақ АҚШ-тың технологиясымен тең келе алмайды. Мұндайды ешкім АҚШ секілді жасай алмайды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ, Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің нақты қайда екенін білетінін айтты.
«Ол – оңай нысана. Бірақ әзірге қауіпсіз жерде. Біз оны жоюды көздеп отырған жоқпыз. Дегенмен бейбіт тұрғындар мен америкалық сарбаздарға шабуыл жасалмауы керек. Біздің төзіміміз таусылуға жақын», – деп ескертті Трамп.
Соңғы сөзінде ол Иран билігін толық және шартсыз тізе бүгуге шақырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!