АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жойқын соққы жасау туралы үндеу жасаған соң, әлем нарығында мұнай қымбаттап жатыр. Инвесторлар мұнайлы өңірдегі соғыстың одан сайын өршуі шикізат тапшылығын туғыза ма деп қауіптенеді, – деп хабарлайды kursiv.media
2 сәуірде таңертең сағат 9:30-дағы мәлімет бойынша Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 107 доллардан жоғары көтерілді. Шикізат аз уақыттың ішінде 6,21%-ға қымбаттады. Баға әлі де көтеріліп жатыр.
Осының алдында ғана Трамп екі-үш аптаның ішінде Иранға жойқын соққы жасауға уәде беріп, осы елді «тас ғасырына қайтаратынын» мәлімдеген. Тегеран Ақ үй шарттарына көнбесе, Құрама Штаттар Иранның ірі электр станцияларын атқылайды.
2026 жылғы 28 ақпанда Иранда соғыс басталғалы бері Тегеран Ормұз бұғазын жауып тастады. Әлем нарығындағы мұнайдың шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы тасымалданады. Соның салдарынан ғаламдық энергетикалық дағдарыс басталды. Мұнай бағасы 120 долларға дейін, ал АҚШ-та бензиннің бір галлоны 4 долларға дейін көтерілді.
Трамп Иран туралы үндеуінде Ормұз бұғазы Құрама Штаттарға қажет емес деп мәлімдеген. Ақ үй қожайынының айтуынша, оған бақылау орнату мәселесін АҚШ одақтастары өздері шешуі тиіс.
Айта кетейік, бір күн бұрын Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов елде доллардың арзандауын мұнай бағасының көтерілуімен байланыстырған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
