Түркияда 19 наурыздан бері жалғасып жатқан наразылықтар кезінде 1 133 адам ұсталды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Али Ерлыкая мәлімдеді, деп хабарлайды KAZINFORM.
Түркияның медиа және құқықты зерттеу қауымдастығы (MLSA) мәліметінше, ұсталғандар арасында он фотограф пен журналист бар.
Euronews хабарлауынша, DİSK Basın İş кәсіподағы кемінде сегіз корреспондент пен фотожурналистің ұсталғанын мәлімдеді.
- Журналистерді үнсіз қалдыру арқылы шындықты жасыра алмайсыңдар! – делінген кәсіподақтың X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде. Ұйым баспасөз өкілдерін дереу босатуды талап етті.
Бұған дейін Стамбул мэрі Экрем Имамоғлу ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Ол жемқорлық және террорлық ұйымдарды қолдау айыптары бойынша тергеліп жатыр.
Осы оқиғадан кейін Түркияның ұлттық валютасы – лира құнсызданып, тарихи минимумға жетті.
Стамбулда барлық митингілер мен шерулерге тыйым салынғанына қарамастан, наразылықтар елдің бірнеше провинциясында жалғасып жатыр.
23 наурызда Экрем Имамоғлу Түркия президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!