Үндістанның қарулы күштері Пәкістан ұшақтарын елдің әуе кеңістігіне кіргізбестен атып түсірді. Бұл туралы брифинг барысында авиация маршалы Авадеш Кумар Бхарти мәлім етті, деп хабарлайды KAZINFORM ақпараттық агенттігі.
- Олардың ұшақтарының біздің шекарамыздан өтуіне мүмкіндік бермедік. Біз бірнеше ұшақты атып түсірдік, – деді ол.
Бхарти Үндістан әскери әуе күштерінің шығынына байланысты сұраққа жауап бермеді.
- Біз әлі әскери әрекет үстіндеміз, егер мен қазір бұл мәселеге қатысты қандай да бір мәліметтерді беретін болсам, бұл қарсылас үшін басымдық болады. Ал біз қазіргі таңда қарсыласымызға ешқандай басымдық берейін деп отырған жоқпыз. Менің бар айтарым, біз алдыға қойған мақсатымызды орындадық, біздің ұшқыштарымыздың барлығы елге аман оралды,- деді ӘӘК өкілі.
Айта кетейік, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас 22 сәуір күні Үндістанның одақтас Джамму мен Кашмир аумағындағы Пахалгам қаласында болған терактіден кейін шиеленісті. Теракт салдарына 25 үндістандық пен 4 непалдық мерт болды.
7 мамырдың түнінде Үндістанның Әскери әуе күштері «Синдур» операциясын бастап, террористердің Пәкістандағы базаларына соққы жасады.
Бұған жауап ретінде Пәкістан үкіметі «Баньян уль-Марсус» (қорғасынмен қапталған қорған) атты кең ауқымды әскери операцияны бастады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!