Үндістанның солтүстік-шығысында болған су тасқыны мен көшкін салдарынан кемінде 34 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ NDTV телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, табиғи апаттар Ассам, Манипур, Трипура, Сикким және Аруначал-Прадеш штаттарында тіркелген.
Трипура штатында 10 мыңнан астам адам су тасқынынан зардап шекті. Ассамда 764 ауылды қамтыған апат 19 округті шарпыды. Аймақтағы Брахмапутра мен тағы бес өзенде су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен.
Жергілікті билік 10 мыңнан астам адамды уақытша лагерьлерге орналастырып, көмек көрсетіп жатыр.
Бұған дейін, 1 маусымда Associated Press агенттігі Нигерияның Моква қаласында болған су тасқынынан 200-ге жуық адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Онда 500-ден астам үй бүлініп, 3 мыңнан астам тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!