Бүгін Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінде Солтүстік Қазақстан облысының қатысуымен Қазақстан-Қытай іскерлік B2B кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты дамыту, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының өндірістік және инвестициялық әлеуетін таныстыру болды.
Іс-шараны ҚХР елшілігі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Елшілікте облыс кәсіпорындарының өнімдері ұсынылған көрме, ресми ашылу салтанаты, бизнес-форум мен дөңгелек үстел, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасындағы екіжақты В2В келіссөздер өтті.
Хань Чуньлинь: “Солтүстік Қазақстан облысы – біздің аймақтық серіктестіктегі алғашқы тәжірибеміз”
Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь іс-шараның ашылуында қатысушыларды жылы лебізбен қарсы алып, бұл кездесудің екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға сеп болатынын атап өтті.
Бүгінгі кездесу Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік дамуы мен инвестициялық әлеуетін көрсетуге, қытайлық кәсіпорындардың назарын өңірге аударуға бағытталған. Солтүстік Қазақстан – біздің елшілік алғаш рет ұйымдастырып отырған аймақтық форматтағы серіктес өңір. Бұл бастама мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асырудағы маңызды қадам және аймақтық әріптестікті дамытудың айқын үлгісі, – деді дипломат.
Хань Чуньлин мырзаның айтуынша, соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді.
- 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 43,82 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға артық;
- 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 35,45 млрд доллар болды;
- Қытай бүгінде Қазақстан экономикасына салынған 25,2 млрд доллар көлеміндегі инвестициямен елдің ірі бес инвесторының қатарына кіреді.
Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларында зор әлеуетке ие. Қытайлық кәсіпорындар өңірде өз зауыттарын салып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосып отыр. Біз бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз, – деп айтты елші.
Ғауез Нұрмұхамбетов: “Қытаймен әріптестік – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады”
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде Қытай елшілігіне алғысын білдіріп, өңірдің қытайлық бизнес қауымдастықпен байланысын кеңейту маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі кездесу біздің облыс үшін үлкен мәнге ие. Бұл – өзара сенім мен нақты іскерлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы. Көрмеде Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қайта өңдеу салаларындағы 20-дан астам жетекші кәсіпорындарының өнімдері ұсынылды. Бұл өңіріміздің әлеуетін танытып қана қоймай, біздің бизнестің Қытай серіктестерімен бірлескен жобаларға дайын екенін көрсетеді, – деді әкім.
Әкімнің айтуынша, өңір мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстар жылдан жылға артып келеді.
Биылдың алғашқы сегіз айында Солтүстік Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 105 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам артты. Бұл – ынтымақтастықтың нәтижелі дамуының айқын дәлелі, – деп атап өтті Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар әкім B2B кездесулердің және дөңгелек үстелдің нақты келісімдерге жол ашатынын айтты.
Мұндай форматтар бизнес өкілдеріне тікелей байланыс орнатып, өзара тиімді жобаларды талқылауға мүмкіндік береді. Біз бұл кездесудің нәтижесінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика және басқа да салаларда жаңа бастамалар жүзеге асады деп сенеміз, – деді ол.
Іс-шара барысында қатысушылар Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңдеу саласындағы жаңа жобалар таныстырылды. Қытай тарапынан ірі компаниялар мен инвестициялық қорлардың өкілдері қатысып, өңірмен ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.
СҚО-дан келген кәсіпкерлер Қытай нарығына шығу өндірістерін дамытып, тағы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
Жәрмеңкеде кәсіпкерлер бал, снэктер, шемішке, күнбағыс майы, ұн, колбаса өнімдері, сүт өнімдері және т.б. өнімдерін таныстырды.
Кездесу соңында тараптар екіжақты іскерлік қатынастарды тереңдету, бірлескен өндіріс пен экспорттық жобаларды дамыту жөнінде пікір алмасты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
