Қарашада Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді Ыстамбұлда қайта жандандыруға шақырды. Бұдан бұрын Ыстанбұлда Ресей мен Украина келіссөздері үш мәрте өткен. Түркияға делдал болу не үшін керек және Ресей мен Украина арасында келіссөздер жүргізуде Түркияның басқа елдерден қандай артықшылығы бар? BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.
Түркияға делдалдық не үшін керек?
Аймақтық көшбасшылық маңызды
Саясаттанушы Руслан Мақсат Түркияны толығымен прагматикалық сыртқы саясатты жүргізетін және өзінің ұлттық мүдделеріне қол жеткізу мақсаттарын көздейтін санаулы мемлекеттердің бірі деп санайды.
Түркия үшін аймақтық көшбасшылық маңызды, ал Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс көбінесе аймақтық қақтығыс. Түркияның қазіргі басшылығы екі тараппен де берік және сенімді қарым-қатынас орнатты. Менің ойымша, Түркияның іс-әрекетінде Ресеймен бәсекелестіктің геосаяси логикасы байқалады және ол үшін Киев-Анкара-Мәскеу үшбұрышында тепе-теңдікті сақтау тиімді, – деді саясаттанушы.
Ол Түркия Украинаны Ресейді тежеуге қабілетті ел ретінде қарастырса, Ресейді аймақтық қарсылас ретінде қарастыратынын атады.
Мысалы, 2016 жылы Түркия басшылығы Ресей ұшағын өзінің әуе кеңістігінде атып түсіруге бұйрық беруден тартынбады. Түркия 2020 жылы Қарабақ соғысында Әзербайжанды, ал 2024 жылы Аш-Шараа армиясын Мәскеу жақтасқан Башар Асадқа қарсы қолдады, – деді маман.
Дегенмен Түркия мен Ресейдің тауар айналымы жылдан жылға артып келеді, көмірсутектер мен энергетика саласындағы ынтымақтастық дамып жатыр.
Геосаясат – бұл кешенді іс, өйткені Түркия, Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қарым-қатынаста аймақтық бәсекелестік пен ынтымақтастық өзара байланысты, бірақ келіссөздер жүргізу мәселесінде үш тараптың мүдделері сәйкес келеді, – деді Руслан Мақсат.
Геосаяси пайда
Саясаттанушы Руслан Мақсаттың айтуынша, Ресей мен Украина қақтығысындағы Түркия үшін геосаяси пайда – Қара теңіздегі, яғни Украина мен Ресейдің аумақтық шекараларындағы қазіргі статус-квоны сақтау және «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Қара теңіз арқылы «Орта дәліздің» қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұл мәселенің геосаяси аспектісін ескермеуге болмайды. ХХІ ғасырда Қытай қолдайтын «Бір белдеу – бір жол» құрлықтық сауда жолы белсенді дамып келеді. Қара теңіз – тауарларды Азиядан Еуропаға, Еуропадан Азияға жеткізудің негізгі жолдарының бірі. Украинадағы ұзақмерзімді бейбітшілік және Қара теңіздегі кеме қатынасы еркіндігі барлық әлемдік державалар үшін, әсіресе Ресей мен украин астығына тәуелді Азия мен Африканың дамушы елдері үшін қажет, – деді саясаттанушы.
Демек, тараптарды татуластыруға деген ұмтылыс Украинадағы тұрақты және ұзақмерзімді бейбітшілікке мүдделі аймақтық держава ретінде Түркия үшін де қалыпты.
Трамп уәдесі
Медиатор болу, яғни елдер арасындағы қақтығыстарды шешуге, келіссөз жүргізуге қатысатын тарап болу, әрқашан абыройлы іс. Руслан Мақсат әсіресе қазіргі АҚШ әкімшілігінің әлем бойынша қақтығыстарға араласып, әр жерде бейбітшілік орнатуда өз рөлін көрсетуге қатты әуестеніп кеткенін айтты. Сондай-ақ саясаттанушы Түркияның Ресей мен Украина арасында медиатор болуына АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзі бонус болуы мүмкін екенін болжады.
Медиация үшін белгілі бір бонус қазір американдық тарап бұғаттаған АҚШ-тың F-35 ұшақтарын жеткізу болуы мүмкін. Қыркүйек айында АҚШ президентінің өзі Түркия оның «белгілі бір өтінішін» орындағаннан кейін жеткізілімнің құлпын аша алатынын айтты. Трамп Ресей-Украина қақтығысындағы бітімгершілік туралы айтып отыр деп болжай аламыз, – деді Руслан Мақсат.
“Түркия Ресейге де, Украинаға да қажет”
Саясаттанушы Түркияның Ресей мен Украина арасында келіссөздер жүргізуде басқа елдерден артықшылығы оның екі жаққа да бейтараптылығы екенін айтты. Түркия екі тараппен де одақтастас емес.
Түркия Ресейге де, Украинаға да қажет. Өйткені келіссөздер үшін таптырмас және балама алаңдар жоқ. Бұған дейін, 2022 жылы тараптар Беларуссияда келіссөздер жүргізуге тырысты. Бірақ нақты прогреске тек Ыстамбұл келіссөздерінде қол жеткізілді. Тұтқындармен алмасу немесе «астық» мәмілелері сияқты барлық негізгі келісімдер Түркияда жасалды, – деді Руслан Мақсат.
Маман АҚШ-тың, яғни Президент Трамптың Сауд Арабиясы мен Венгрияда келіссөздер ұйымдастыруға тырысуы айтарлықтай нәтиже бермегенін жеткізді.
Сонымен қатар, 2022 жылғы Ресей Федерациясының басшылығы Ыстамбұл келіссөздерінің нәтижелері мен сәтті болғанын, осы келісімдерге қайта оралу қажеттілігін бірнеше рет айтқан және Түркияны келісім жасау үшін жалғыз қолайлы ел деп санаған, – деді саясаттанушы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
