Жапония 74 елдің туристері үшін елге кіру тәртібін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Kyodo ақпарат агенттігі хабарлады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Жапония үкіметі туристік ағынның артуына байланысты шетел азаматтарын шекарада міндетті түрде жеке тексеру талабын алып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазіргі талап бойынша шетелдік туристердің көпшілігі елге кірген кезде иммиграциялық қызметкерлердің алдында жеке бақылаудан өтуі тиіс. Билік бұл рәсімнен бас тарту шекарадан өту үдерісін жеделдетіп, әуежайларға түсетін жүктемені азайтады деп есептейді.
Жапонияның Иммиграциялық қызметі жеке тексерудің орнына саяхатшылар туралы ақпаратты сапар алдында онлайн тіркеу арқылы жинауды жоспарлап отыр. Ол үшін Жапонияға кіруге арналған электронды рұқсат беру жүйесі — JESTA енгізіледі. Жаңа жүйені 2028 қаржы жылында іске қосу көзделген.
Ведомство мәліметінше, әуежайлардағы кезекті азайту мақсатында шекарада міндетті жеке тексеруден бас тарту әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі.
Жаңа жүйені енгізу үшін үкімет тиісті құқықтық негіз қалыптастыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта парламентке иммиграциялық бақылау туралы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы ұсынылады.
Жүйе Жапонияға қысқа мерзімге визасыз кіруге рұқсат берілген елдердің азаматтарына қатысты қолданылады. Қазіргі уақытта бұл санатқа 74 ел мен аумақ кіреді.
Өткен жылы Жапонияға 42,7 миллион шетелдік турист барған. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Билік 2030 жылға қарай бұл цифрды 60 миллионға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
JESTA жүйесі бойынша саяхатшылар сапарға шықпас бұрын онлайн-форма толтырып, сапар мақсатын көрсетуі тиіс. Ақпарат тексерілгеннен кейін иммиграциялық органдар елге кіруге рұқсат беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Егер билік өкілдерінде адамның елде рұқсат етілген мерзімнен артық қалуы мүмкін деген күдік туындаса, әуе компаниялары оны рейске отырғызбауы мүмкін.
Қазірдің өзінде Жапонияның кейбір әуежайларында Integrated Kiosk деп аталатын цифрлық терминалдар қолданылып жатыр. Бұл құрылғылар шекаралық және кедендік бақылау функцияларын біріктіреді. Терминалдар арқылы келіп жатқан жолаушылардың саусақ іздері алынып, фотосуреттері түсіріледі.
Жоспарланып отырған жаңа тәртіпке сәйкес, егер адамның бұрын елде болу мерзімін асырып жіберу сияқты заң бұзушылықтары болмаса, ол паспорттық бақылаудан автоматты түрде өтіп, Жапонияға кіре алады. Иммиграциялық қызметкерлер терминалдардың жанында кезекшілік атқарып, қажет болған жағдайда қосымша тексеру жүргізеді.
Қазіргі уақытта мұндай терминалдар Нарита, Ханэда, Кансай және Фукуока әуежайларында жұмыс істейді. Алдағы уақытта оларды елдің басқа да әуежайларына орнату жоспарланып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
