Елімізде 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
Тәуелсіздік күні
16 желтоқсан – қазақ тарихындағы ең бір елеулі дата. Ол – Тәуелсіздік күні.
Қазір 16 желтоқсан ұлттық мереке болып есептелмейді. Бұл мәртебе 25 қазан – Республика күніне берілген. Дегенмен 16 желтоқсанның символикалық мәні мен тарихи маңызы солғын тартып қалған жоқ.
Желтоқсанда неше күн демаламыз?
Желтоқсан айында 5 күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 10 күн, ал 6 күн жұмыс істейтін азаматтар 6 күн демалады.
Желтоқсан айындағы басты мереке 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні дүйсенбіге келіп тұр. Мерекеге орай 5 күн жұмыс істейтін азаматтар 14,15,16 желтоқсан үш күн қатарынан демалады. 6 күндік жұмыс кестесі бойынша 14 желтоқсан жұмыс күні, ал 15 және 16 желтоқсан – демалыс.
31 желтоқсан жұмыс күні екенін естен шығармаймыз.
Елге көлік әкелу тәртібі өзгеруі мүмкін
1 желтоқсаннан бастап елімізге көлік әкелу тәртібі өзгеруі мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл жаңа көліктерге яғни зауыттан шыққанына 3 жыл болмаған автомобильдерге қатысты болмақ.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, дайындалған күнінен бастап 3 жылдан аз уақыт өткен және КҚТМ негізінде әкелінетін көлік құралдарын КҚТМ-да көрсетілген, ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № 130 шешімімен бекітілген ЕАЭО кедендік аумағына сәйкестігі міндетті бағалауға жататын өнімді ЕАЭО кедендік аумағына әкелу қағидаларының 10-тармағының б) тармақшасын қолдана отырып ресімделген тұлғалар ғана әкелуге құқығы бар, – делінген комитет хабарламасында.
Жаңа ереже бойынша, Қазақстанға көлік құралдарын әкелетін заңды тұлғалар көліктің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайтын КҚТМ құжатына ие болуы тиіс.
Комитеттің хабарлауынша, бұл өзгерістер 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді.
Қазақстандықтардың Ресейге кіру тәртібі өзгереді
1 желтоқсаннан бастап қазақстандықтар Ресейге кірген кезде биометриялық деректерін тапсыруға міндеттеледі.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің мәліметінше, Ресей Федерациясы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы №1510 қаулысына сәйкес, Ресейде елге кіру және шығу кезінде шетел азаматтарынан (оның ішінде Қазақстан азаматтарынан) және азаматтығы жоқ адамдардан биометриялық деректерін жинау бойынша эксперименттік жоба басталды.
Эксперименттің бірінші кезеңінде, 2024 жылғы 1 желтоқсаннан 2026 жылғы 30 маусымға дейін Мәскеу қаласының халықаралық әуежайларына (Домодедово, Шереметьево, Внуково және Жуковский), сондай-ақ Орынбор облысындағы «Маштаково» автомобиль өткізу пункті арқылы келетін Қазақстан азаматтары биометриялық деректерін – бет бейнесі мен саусақ іздерін тапсыруға міндетті.
Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілер айыппұл төлейді
2024 жылғы 1 желтоқсаннан 2025 жылғы 1 наурызға дейін қазақстандық жүргізушілер қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті.Оны елемеу ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Температураның нөлден жоғары болуы немесе қардың болуы маңызды емес.
Оқушылар қысқы каникулға шығады
Балалар екінші тоқсанды аяқтап, қысқы каникулға шығады.
ІІ тоқсан – сегіз оқу аптасы, қысқы демалыс – 10 күн, 2024 жылғы 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда.
Ереже бұзғандар айыппұл төлейді
4 желтоқсаннан бастап халықаралық және республикалық маңызы бар тас жолдарда орташа жылдамдықты асырған көлік жүргізушілеріне айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері 5-тен 40 АЕК-ке дейін (18 460 теңгеден 147 680 теңгеге дейін) өзгереді. Жылдамдықты 60 шақырымнан асырғандар 150 мың теңгеге жуық төлейді.
Тарифтер қымбаттайды
Ұялы байланыс операторлары желтоқсанда ұялы байланыс пен интернет бағасы қымбаттайтыны туралы хабарлама таратты.
Қыс қандай болады?
Синоптиктер Қазақстанда алдағы 2024-2025 жылғы қыс мезгіліне арналған ауа райы болжамын ұсынды.
2024 жылдың желтоқсаны еліміздің басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын, екпінді жел күтіледі. Оңтүстік облыстарда жауын-шашын жаңбыр мен бұрқасын түрінде жауады, таулы аймақтарда қалың қар жаууы мүмкін. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде көктайғақ болып, тұман түседі.
Солтүстік және орталықта айдың бірінші жартысында түнде -18, -23 градустан -7, -12 градусқа дейін, күндіз -4, +1 градустан -8, -13 градусқа дейін. Айдың екінші жартысында түнде -25, -37 градусқа дейін, күндіз -15, -25 градусқа дейін суық болады, дегенмен кей күндері аяз төмендейді.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде -10, -18 градустан 0, -5 градусқа дейін, күндіз 0, -5 градустан +3, +12 градусқа дейін болады. Желтоқсанның аяғында аяз түнде -15, -22, күндіз -5, -13 градусқа дейін күшейеді.
2025 жылғы қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады деп күтілуде. Қарлы күндер де, жауын-шашынсыз кезең де болуы мүмкін. Ақпан айында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы орташа деңгейден 1 градусқа жоғары болады. Жалпы, 2024-2025 жылдардағы қыста жауын-шашынның көпжылдық нормадан асатын температуралық режимі климаттық норма шегінде болады деп күтілуде, алайда жауын-шашынның тоқтауы және ауа температурасы нормадан төмен болмайды.
Диқандарға қаржы беріледі
Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін дихандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырды.
Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі керек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!