14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіз ұрпақтар» грантын ала алады. Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 18 тамызға дейін жалғаспақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы және «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM.
– 2021 жылдан бастап, Мемлекет басшысының бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау үшін жыл сайын жастарға 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіз ұрпақтар» гранты беріледі. Грантқа 14-35 жас аралығындағы ҚР азаматы үміткер бола алады. Қағидаларға сәйкес конкурс 2 кезеңде өткізіледі. 1-кезең – конкурстық өтінімдерді қабылдау және қарау. 2-кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурстық комиссияның жеңімпаздарын анықтау. Биыл грантқа үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау рәсімі 16 маусым – 18 тамыз аралығында жүргізіледі, – дейді Қайрат Қамбаров.
Биыл жалпы республикалық гранттың иегерлерінен бөлек тағы 277 жас өңірлік конкурстарды жеңіп алу мүмкіндігіне ие болмақ.
– Конкурстың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 30 азаматқа 3 млн теңге көлемінде «Тәуелсіз ұрпақтар» гранты беріледі. 2025 жылы әкімдіктердің ақпараты бойынша жергілікті бюджеттен 277 өңірлік грант беру жоспарланып отыр. Бұл ретте әкімдіктер гранттың саны мен мөлшерін, сондай-ақ бағытын дербес бекітетінін атап өткен жөн. Грантты пайдалану мерзімі 1 жылдан аспайды. Конкурс туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан білуге болады, – дейді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің маманы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланғанын айтты.
– Грант конкурс негізінде 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі. Олар: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттар. Грантты жүзеге асыру кезеңдерінде 123 жас азамат республикалық деңгейде «Тәуелсіз ұрпақтар» грантының иегері атанды. Жалпы, ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін, қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында «Тәуелсіз ұрпақтар» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарланған, – дейді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!