Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

2024: не өзгереді?

04.01.2024

807 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Ұлу жылы қазақстандықтар үшін жаңа өзгерістерге толы жыл болмақ. Былтыр заңға енгізілген өзгерістер биылдан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ жаңа жылдың басты жағымды жаңалығы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Енді еліміздегі 18 жасқа толмаған әрбір баланың есепшотына қордың жылдық табысының 50 пайызы аударылады.

Биылдан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына да өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен жүргізу көзделген. Яғни жұмыс беруші 2024-2028 жылдар аралығында жұмысшының зейнетақы жарнасын 1,5 пайыздан 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен өсіре отырып аударады. Бұл өзгеріс жас буынды қолдауға бағытталған.

Ресми мәліметке сүйенсек, биыл ең төменгі жалақы көлемі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес 85 мың теңгеге өседі. Соның нәтижесінде барлық сала бойынша 1 миллион 800 мың жұмысшының жалақысы артады. Оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкері бар. Мамандар ең төменгі жалақы деңгейінің өсуі жалақысы төмен жұмысшыларға оң әсер ететінін айтады. Бұдан бөлек ең төменгі зейнетақы, айлық есептік көрсеткіш көлемі де ұлғаяды. Мәселен, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28215 теңге болса, ең төменгі зейнетақы 57853 теңге, айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгені құрайды. Соңғы көрсеткіштің өсуіне байланысты мемлекеттік баждың мөлшері өзгереді. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 43407 теңге болады.

Осыдан 3 жыл бұрын басталған жалпыға бірдей декларациялаудың биыл үшінші кезеңі жүзеге асады. Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары, өткен жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсырған еді. Биыл заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау жүргізіледі. Бұл науқанға барлығы 2,6 миллион адам қамтылуы тиіс.

2024 жылы жүзеге асатын тағы бір өзгеріс – халықтың әл-ауқатын арттыру, денсаулығын сақтау шарасы болмақ. Оның ішінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегі ескеріліп, оларға 55 жастан бастап зейнет жасына жеткенше арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілмек. Бұл ретте қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесі ескерілетін болады. Осылайша жұмысшыға республикалық бюджеттен төленетін арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы алуға және қолданыстағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары арқылы БЖЗҚ-дан төлемдер алу құқығы беріледі. Бұл төлемдер зейнеткерлік жасқа жеткенше төленеді.

Халықтың қуана қабылдаған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы биыл жүзеге асады. Ұлттық қордан балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражат болашақта тұрғын үй алуға немесе оны қайта жаңғыртуға, білім алуға жұмсалады. Жоба бойынша тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға ел ішінде ғана рұқсат етіледі. Ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар. 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда болады. Десе де балалар азаматтығын өзгерткен жағдайда бұл мүмкіндіктерден айырылады.

Елімізде шағын және орта кәсіпті дамыту мақсатында кәсіпкерлік нысандарды тексеруге жарияланған мараторий осы жылдан бастап күшін жояды. Енді бақылаудың барлық саласында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі.

Сонымен қатар уақытша қабылданған бірыңғай жиынтық төлем жүйесі де биыл күшін жояды. Соған байланысты енді бірыңғай жиынтық төлемді төлеген азаматтарға биылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, тиісті салық режимін таңдау міндеттеледі.

Биылдан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына да өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен жүргізу көзделген. Яғни жұмыс беруші 2024-2028 жылдар аралығында жұмысшының зейнетақы жарнасын 1,5 пайыздан 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен өсіре отырып аударады. Бұл өзгеріс жас буынды қолдауға бағытталған.

Жаңа өзгерістер тек қаржы саласына емес жол қозғалыс ережесіне де енгізіледі. Бұл жолы көлігінде газ жабдығы бар жүргізушілерге сәйкестендіру белгісінің болуы міндеттеледі. Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығына сәйкес леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар сары түсті үшбұрыш белгі газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс. Белгіні жапсырудың да өзіндік талабы бар. Бұл газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылауға, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.

Саусақ іздерін тапсыру рәсімі де биыл жүзеге асады. Бұл жоба әзірге ерікті түрде жүзеге асырылады. Алайда елімізге келетін шетелдік азаматтар үшін бұл шара міндетті болмақ.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: