Бүгін елімізде Қазақстан халқы тілдері күні атап өтіледі. Бұл күн еліміздегі көпұлтты қоғамның бірлігін, тілдік әралуандылықты және мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын ерекше күн саналады, деп жазады Egemen.kz.
Бұған дейін (1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап) мереке 22 қыркүйекте тойланып келген. Ал 2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, атаулы күн 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мерекенің жаңадан белгілену себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Бүгін барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін атап өтеді.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүріп, еңбек етуде. Олар жүзден астам тілді қолданады. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сондай-ақ орыс тілі ресми түрде қолданылады. Әрбір этностың ана тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуына жағдай жасалған.
Тілдер күні – халықтар арасындағы достық пен бірлікті дәріптейтін, елдің басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған мереке. Бұл күннің басты мақсаты – Қазақстандағы әрбір азаматтың ана тілін құрметтеуге, мемлекеттік тілді дамытуға, мәдениетаралық түсіністік пен сыйластықты нығайтуға шақыру.
Қазақстан халқы тілдері күні – ел бірлігінің, достық пен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!