Биыл халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туғанына 100 жыл толды. Тұғырлы туындыларымен қазақ әдебиетіне серпін беріп, әлем таныған жазушының мерейтойы қарсаңында Алматы қаласында Жазушылар Одағының бастамасымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жазушының құрметіне ұйымдастырылған жиынға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Ұлықтау шарасында мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау хатын оқыды. Конференция барысында ғалымдар қоғам қайраткерінің шығармашылығына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Қалдыбеков, ТҮРКСОЙ ұйымының төрағасы С.Раев, Халық жазушысы С.Елубай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин, халық әртісі А.Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Көшербаев, Қырғыз Республикасының ақыны М.Азаматов, жазушының қызы Ш.Нұрпейісова классик жазушының сан түрлі тұлғалық қырларын туралы айтты.
Танымдық шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов бастаған Сыр өңірінің арнайы делегациясы да барды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып, конференция ұйымдастырушылары мен қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Жақында Алматы қаласында халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған екі бірдей халықаралық конференция болып өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісов шетел жазушыларымен тығыз шығармашылық байланыста болған қазақ жазушысы. Әйгілі француз жазушысы, аудармашы Ив Готье Әбеге деген ыстық ықыласын білдіріп, француз оқырмандарының атынан жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ Ресей жазушысы, баспагер Георгий Владимирович Пряхин, түрік жазушысы Икрам Өзтуранның, өзбек ақыны Хуршид Даврон, әзірбайжан ғалымы Низами Мамедов, Литвадан келген орыс жазушысы Эргали Гер, қырғыз прозашысы, кинорежиссер, продюссер Далмира Төлепберген де жазушының туындыларын шетелдік оқырмандары сүйсіне оқитынын айтты. Сонымен қатар жазушының құрметіне Алматыда қаласындағы М.Төлебаев көшесіндегі 156 үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Шығармалары әлем әдебиетінен өзіндік орын алған, Сыр елінен шыққан заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің болмысы осылайша кең көлемде насихатталды, – дейді делегация мүшесі, ақын Қаршыға Есімсейітова.
Ұлы суреткерді ұлықтауға арналған шара соңында жазушының рухына арнап ас берілді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!