Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңір тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға жауапты сала басшылары қатысып, талқылау барысында нақты тапсырмалар жүктелді.

«Бүгінге дейін сұйытылған газды төмендетілген бағамен сатып алғанның арқасында пайда тауып келесіздер. Мен былтыр да қатаң ескерттім, әлеуметтік газды тек халыққа сату керек. Коммерциялық газды өз қаражаттарыңызға алыңыздар.
Тұрғындарды толықтай қамтамасыз ету үшін қымбат болса да, басқа көздерден коммерциялық газды жедел жеткізіп, халыққа әлеуметтік бағамен сатыңыздар. Аймаққа бөлінген газды өнеркәсіп нысандарына, басқа өңірлерге сатуды доғарып, тапшылықты қолдан жасамаңыздар.Өңір тұрғындарының қажеттілігін толығымен өтеу үшін тиісті шаралар қабылдаңыздар. Ортақ мақсатымызға қол жеткізуде өзара түсіністікпен, жауапкершілікпен жұмыс жасаймыз деп сенемін.
Алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеу үшін реттеу және бақылау керек. Бөлінген газ басқа өңірлерге тасымалданбау үшін облыс шекарасына тәулік бойы кезекшілік орнатуды және оны күшейтуді тапсырамын. Заңды түрде тіркелмей, автокөліктерге сұйытылған газ қондырғыларын орнату фактілерін анықтау мақсатында рейдтік тексерулер жүргізіп, тиісті шаралар қабылдаңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бүгінде облыстағы 16 оператор 144 автогаз құю станциясы және 6 газ сақтау қоймасы арқылы сұйытылған газ сатумен айналысады.

Облыстық полиция департаменті аймаққа бөлінген газдың басқа өңірлерге шықпауын қадағалау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау бекеттерін орналастырған. Бекеттер «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» автожолының Арал ауданындағы 1363-903-ші шақырымына, аталған трассаның Жаңақорғандағы 1998-268-ші шақырымына және «Қызылорда-Жезқазған» жолының 12-ші шақырымына қойылған.

Жанар-жағармай мен газ тапшылығына жол бермеуде жергілікті атқарушы орган, экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер және бәсекелестікті қорғау департаменттерінің өкілдерінен құралған өңірлік штаб жұмыс істейді.
Қазір облыста сұйытылған мұнай газының шамамен 892,1 тонна қоры бар.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!