Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 11:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әрбір қаражатты тиімді жұмсау керек

23.11.2024

424 0

Сыр елі өңірлер арасында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастап келеді. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі Сыр елінде өтті. Брифингте аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен баяндады. Ел Президентінің бастамалары мен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында өңірде атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар туралы айтылды.

Мемлекет басшысы Сыр өңіріне «дамудың үлкен преспективалары бар стратегиялық маңызды өңір» деп баға берген болатын.  Бүгінде аймағымызда атқарылған жұмыстар мен қолға алынған оң бастамалар жетерлік.

 – Ел Президентінің бұл ерекше бағасы облыс халқына, бізге үлкен жігер беріп, қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналуда, – деді облыс әкімі.

Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында әлеуметтің табысын арттыруға,  аграрлық бизнесті түлетуге мол мүмкіндік  туып тұр. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қабылданған бұл жоба халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мүмкіндік. Осының нәтижесінде аймақта оң өзгеріс қалыптасып, кәсібін дөңгелеткісі келген кәсіпкерлер қатары көбейген. Мәселен, өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба іске қосылып, 713 жұмыс орны ашылған.  

– Биыл 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды. Жоба аясында агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда, – жасалуда, – деді облыс әкімі.

Осы жоба негізінде Сырдария ауданының «Бесарық» ауылындағы «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда тұрғындардың 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Озық тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері жөнінде кеңінен тоқталды.

 – Ауыл шаруашылығы саласына соңғы 2 жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылса, осы жылдың 10 айында негізгі капиталға 12 млрд 200 млн теңге инвестиция салынды. Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мерзімінде толық жиналды. Өндірісте су үнемдейтін технологияларды қолдануды дамы­тудамыз. Су үнем­деу технологияларын пайдалану көлемі 4 мың 400 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық. Су шығынын азайтуда егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Соңғы жылдары диқандар 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеді. Нәтижесінде суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға арттырды. Биыл негізгі дақыл – күріш 85 мың 600 гектарға егіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынды. Жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды, – деді облыс әкімі.

Халықтың сапалы өмір сүруі үшін әлеуметтік мәселелерді шешу бірінші орында екені анық. Осы тұрғыда таза ауызсу, тұрғындарды ыстық сумен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. 

Осы жылы өңірде 13 жаңа жобаға 5 млрд 300 млн теңге бөлінген. Ал 2025 жылы облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.

– Президентіміздің қолдауымен бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде.  Жоба құны – 26 млрд 200 млн теңге. Келесі жылу беру маусымында қала толық ыстық сумен қамтылады. Өңір тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрайды. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 306 шақырым газ желілері салынуда. Осы жобалардың арқасында биыл өңірімізді 78 пайызға газбен қамтимыз. Келесі жылы 10-ның үстінде елді мекенді газдандыру жоспарлануда, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд теңгені құрайтын 38 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 72 пайыздан 62 пайызға төмендейді деп күтілуде.

Бәрімізге белгілі қазіргі уақытта облыс орталығында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы салынуда.

– Жылу орталығының құрылысына инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы 127 млрд теңгеден астам инвестиция салған.  Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі, келер жылы ел игілігіне табысталады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту барысында жүйелі іс-шаралар жасалған. Атап айтсақ, өңірде өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 15 дәрігерлік амбулатория мен 1 медициналық бекет пайдалануға берілген. Ал биыл 11 нысанның құрылысы жүруде. Соңғы 2 жылда 4,1 млрд теңгеге 13 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.

– Денсаулық сақтау мекемелерінің автопарктері жыл сайын жаңартылуда. Өткен жылы 25, биыл 200 санитарлық автокөлік табысталды. Осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық қан орталығының жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Алдағы уақытта Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған орталық құрылысы басталады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев брифингте.

Білім сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар да жалғасын тауып келеді. Аймақта балаларға қолдау көрсетуге, дамуына және өзін-өзі жетілдіруге барлық жағдай жасалған.

Өткен жылдан бері облыста 1 мың 720 орындық 6 мектеп,1 мың 850 орындық 4 мектепте қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне табысталғаны белгілі. Биыл жаңадан 3 мектеп, 5 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді. Президент бағдарламасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 900 оқушыға арналған білім ордасы облыс орталығындағы жаңа шағын ауданнан ашылған болатын.

Мұнан бөлек, биыл «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен облыс орталығында 2,5 млрд теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Одан бөлек, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4,8 млрд теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.

2024 жыл – Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланған. Игі бастамаға сәйкес, мәдениет саласында ауқымды істер ұйымдастырылған. Солардың бірі ретінде 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», «Отбасы орталығы» пайдалануға берілгенін айтуға болады. Одан бөлек, «Жыраулар үйі» жұмысын бастады.

Сонымен қатар биыл 11,5 млрд теңге қаржы бөлініп, барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады.

–  «Руханият жылы» аясында сол жағалаудан құны 2,3 млрд теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратын салу жұмыстары басталды. «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға берілді. Былтырдан бері мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне жыл сайын «Тұран» арнайы сыйлығы табыстала бастады, – деді облыс әкімі.

Аймағымызда спорт саласын дамытуда артта қалған емес. Атап айтсақ,  биыл халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған. Жуырда ғана сол жағалаудан «Үстел теннисі орталығы» ашылды. Сонымен қатар жастар мен балаларды спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады деп жоспарлануда.

Осы тұрғыда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл балаларына көңіл бөлуді ерекше қолға алғанын тілге тиек етті. «Ауыл балаларына үміт артуымыз керек. Спорт кешені бүгін салынып болды, нәтиже шығады деген сөз емес. Біз ауыл балаларына сенеміз. Жастарға мол мүмкіндік беріп отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта сенімді ақтайтын, спорттан аймақ атын шығаратын балалар шығатынан сенемін, – деді облыс басшысы. 

Өңірде жол сапасы едәуір жақсарып келеді. Жол қатынасының жақсаруы жолаушылар тасымалының дамуына жағдай жасайтыны анық. 

«Қызылорда-Жезқазған» автожолы бүгінде көпшіліктің көкейінде жүр. Президенттің тікелей тапсырмасымен биыл осы автожол қайта жаңғыртылуда. Жоба құны – 108 млрд 500 млн теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 140 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2026 жылы ел игілігіне беріледі.   

Сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен оң шешілуде. Халықаралық дәліздің осы аумағын 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде.

Ал Қызылорда облысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 44 млрд 703 млн теңгеге 300 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өткен. Атап айтқанда, облыс орталығының негізгі көшелері әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, қалаға Шиеліден кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистралды көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілді.

Одан бөлек, Қызылорда қаласында 4 млрд 700 млн теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, Арал, Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен аспалы көпір құрылыстары жүруде.

Қазіргі таңда Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында барлық өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біздің аймақта санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде деп айтуға болады. Мәселен, қаламыздағы орталық алаң демеуші есебінен 1 млрд теңгеге жаңғыртудан өткізілді. Ал аудандарда, ауылдарда демеушілер арқылы аллеялар мен парктер салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Біздің өңірде көптеген жұмыс кәсіпкерлердің қолдауымен жасалады. Мәселен, осы жолы да демеушілік және бюджет есебінен Қызылорда қаласында 49 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылса, құны 1 млрд 600 млн теңге болатын 80 ойын және спорт алаңы салынған.  Бұл тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалғанның айқын көрінісі.

Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырып, одан әрі дамыту жолындағы тірліктер мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Сыр өңірінде серпіліс көп. Атқарылар ауқымды тірліктің нәтижелерін алдағы уақытта да көретініміз белгілі.

Брифингте аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.

Ыстық сумен қамту түбегейлі  шешіледі

Райхан Тәжібаева, 24 kz:

– Республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған облыс орталықтарының бірі – Қызылорда қаласы. Өткен жылы Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келген кезде ыстық сумен қамту мәселесін шешу бойынша тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда осы жұмыстар қай деңгейде жүргізілуде?

Облыс әкімі:

– Облыс орталығы – Қызылорда қаласының ыстық сумен қамтылмауы бізге, әрине, үлкен сын. Сондықтан біз осы мәселені шешу жөнінде Ел Президентіне ұсыныс айттық. 2023 жылы 10 қазанда Мемлекет басшысының Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесін шешу туралы тапсырма берілді. Соған орай көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен қаладағы 423 үйді ыстық су жүйесіне қосу үшін жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленді. Соның нәтижесінде қала бойынша 624 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылатын болады.

Үкімет басшысының қолдауымен биылғы жылы 187 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыс толығымен жыл соңына дейін аяқталатын болады. 2025 жылы қалған 236 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылады.

Халық сапалы су ішеді

Нұрлан Жақыпбек, «Хабар» агенттігі:

– Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы барлық елді мекен толық сапалы ауызсумен қамтылуы қажет. Біздің аймақта осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

Облыс әкімі:

– Сапалы ауызсу тұрғындар үшін өте маңызды. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес барлық елді мекендер орталықтандырылған ауызсуға 2025 жылы толық қосылуы қажет. Бұл бағытта біздің өңірімізде үлкен жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда 98,5 пайыз орталықтандырылған ауыз суға қосылған. Яғни, сапалы ауызсуды тұтынуда. Қазір 13 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 млрд 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Келесі жылы бұл жобалар толық аяқталады деп күтілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылы өңір халқы сапалы ауызсумен толық қамтылатын болады.

Жолдың жайын жүрген білер

Мөлдір Қожахметова, «Астана телеарнасы»:

– Қазіргі таңда өңірде жолдарды кеңейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Қызылорда – Жезқазған» авто жолы бойында жұмыстың жанданғаны көп жүргізушіге қуаныш сыйлағаны рас. Бұл жолдағы жұмыс қарқыны қандай және қашан аяқталады?

Облыс әкімі:

– «Қызылорда – Жезқазған» авто жолының 216 шықырымы біздің облысымызға тиесілі. Қазіргі таңда 140 шақырымнан астамы аяқталып, пайдалануға берілді. Сапалы жолдың иігілігін халық көруде. Бұл жобаның құны – 108 млрд теңге. Президенттің қолдауымен тікелей жүзеге асуда. Қалған 70 шақырымнан астам бөлігін 2025 жылы аяқтап, ел игілігі үшін пайдалануға беретін боламыз. Сапалы жолмен өзге қалаларға қатынау нығая түседі. Сондықтан маңызды жолдардағы жұмыс сапалы, уақытылы іске қосылуы тікелей бақылауымызда.

Егін шаруашылығын әртараптандыруға

басымдық берілуде

Әділжан Үмбет, «ҚазАқпарат»:

– Аймақтың егіншілік саласын әртараптандыру мақсатында қандай шаралар қабылдануда?

Облыс әкімі:

– Жыл сайынғы вегетация кезеңінде орын алып отырған су тапшылығын азайту мақсатында егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық берілуде. Биыл облыста егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленді. Облыста егіс көлемін әртараптандыруда соя дақылының көлемі 111 гектарға, қант құмайы 240 гектарға, жүгері 1 мың гектарға, сүрлем жүгері 1,3 мың гектарға жеткізілді. Сонымен қатар, суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, орнына су үнемдеу технологияларының және суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайтуға мән берілді. Атап айтқанда, биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егін көлемі 4,4 мың гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 5 жылда су үнемдеу технологияларының ықпалымен егіс көлемі 24,2 мың гектарға жеткізіледі. Су шығынын азайту және үнемдеу мақсатында күріштікті толық лазерлік тегістеуден өткізіп, өнімділікті жоғарылату жұмыстары жүргізілуде.  Әрине, біз егістікке берілетін суды барынша үнемдеп, Арал теңізіне жіберілетін су көлемін де ұлғайтуымыз қажет. Биыл Арал теңізіне түскен судың көлемі едәуір ұлғайды. 2022 жылы теңіздегі су көлемі 18,5 млрд текше метрге дейін азайған болса, биыл су көлемі 22 млрд текше метрге жетті.

Мемлекеттік қызметкерлер адал жұмыс істеуде

Жансая Қамбар,  Бақ. Kz:

– Сыбайлас жемқорлықпен күресте қандай іс-шаралар қолданылып жатыр?

Облыс әкімі:

– Кейінгі кезде барлық мемлекеттік қызметкерлердің атына кір келтіретін әңгіме көптеп айтылып жүр. Оған дәлелдері жоқ. Адал жұмыс істеп жүрген жандарға дәлелсіз жала жабу ұят. Бәрі парақор, ақша сұрайды дегеннің бәрі бос сөз. Өңірде кемшілік жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен, күндіз-түні адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің еңбегін жоққа шығармау қажет.

Футболға 5 млрд теңге бөліп, «Қайсарды» чемпион қылмай-ақ қойдым

Бек Төлеуов, «Ел.kz»:

– Соңғы төрт жылдан бері «Қайсар» футбол клубында үлкен мәселе бар. Соңғы жылдары футболшылардың жалақысы уақытылы төленбейді екен.

Облыс әкімі:

– «Қайсардың» бұрынан келе жатқан қарыздары бар. Оларды шешу үшін тиісті мекемелер жұмыс істеп жатыр. «Қайсар» командасын қолдауға тиісті қаражатты бөліп келе жатырмыз. Қазіргі таңда 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Бүкіл қаржыны «Қайсарға» бөліп, қарап отыра алмаймыз. Халыққа ең қажетті деген жобалар, өзекті мәселелер бар. Клубтың басшысы келіп, «бюджетін көтерейік, сонда біз жақсы нәтиже көрсетіп, бірінші не екінші орында боламыз», – деді. Футболға 5 млрд теңге бөліп, «Қайсарды» чемпион қылмай-ақ қойдым. Сондай-ақ аталған команданың құрамын алдағы уақытта қайта қарайтын боламыз. Сырттан келгендерге емес, өзіміздің өңірдің, ауыл балаларының өсуіне жағдай жасалатын болады. Одан да ауыл спортын дамытуға көңіл бөлу керек. Басқа өңірлермен салыстырған футболға ең аз қаражат бөлінген аймақтың ішіндеміз. Оны мойындаймын. Футболға есепсіз қаражатты жұмсай беруге қарсымын. Әрбір қаражатты тиімді жұмсау керек. Ауыл спортын дамытуды үнемі айтып, осы мәселені шешуді қолға алдық.  Басқа да спорт түрлерін дамытып ауыл арасынан елге жаны ашитын мықты азаматтарды тәрбиелеп шығарған дұрыс деп ойлаймын.

P.S. Айта кетейік, аймақ басшысының баспасөз брифингі барлық деңгейдегі әкімдерге ел игілігі үшін аянбай еңбек етудің нағыз үлгісін көрсетті.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: