Атом энергиясы жөніндегі агенттік еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу жобасы аясында Ресей Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, АЭС құрылысын қаржыландыру параметрлері қазір талқыланып жатыр. Экспорттық несие қаражаты, ең алдымен, ұзақ әзірленетін жабдықтарды – атап айтқанда, ядролық реактор, бу генераторлары, негізгі айналым сорғылары сияқты қондырғыларды сатып алуға, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына бағытталмақ.
Агенттік өкілдері бұл шығындар жобаны іске асыру кестесін сақтау және толық масштабты құрылысқа дайындық үшін қажет екенін атап өтті.
АЭС құрылысының жалпы құнына қатысты агенттік әзірге нақты сандарды атау ерте екенін мәлімдеді. Жобалау жұмыстары аяқталып, тиісті сараптамалар жүргізілгеннен кейін ғана нақты құны анықталмақ.
«Кез келген АЭС құрылысының түпкілікті құнына бірқатар фактор әсер етеді. Оларға инженерлік-іздестіру жұмыстарының нәтижелері, құрылыс орнының метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайлары, реактор технологиясын жеткізуші құрамына кірмейтін халықаралық өндірушілердің жабдықтарын пайдалану, АЭС салынатын аумақта жабдықтар мен құрылыс материалдарын өндірудегі жергілікті үлес деңгейі, құрылыс-монтаж ұйымдары мен білікті мамандардың қатысу деңгейі, сондай-ақ логистикалық, қаржылық және басқа да шығындар жатады», – делінген хабарламада.
Агенттік жобаны іске асыру барысында қазақстандық құрылыс материалдарын пайдалануға және жергілікті мамандарды тартуға басымдық берілетінін атап өтті. Алайда бұл үшін олар тиісті аттестациядан өтуі қажет.
«Құрылыс материалдарын және жұмысшыларды Ресейден әкелу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Әсіресе, қажет ресурстар мен мамандар Қазақстан нарығында анағұрлым бәсекелі бағада қолжетімді болса», – делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!