Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановпен кездесті. Кездесуде өңірдегі «Қараөзек», «Арал-Сарыбұлақ» су нысандарына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, елімізде бірінші кезекте салынатын 9 су қоймасының тізіміне «Қараөзек» су қоймасы енгізілген болатын. Осыған орай су жинақтауға арналған қойманың жобасы әзірленді. Ол Ислам даму банкінің «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту 1-кезең» жобасы аясында қаржыландыруға ұсынылып, бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жыл соңына дейін жобаны іске асыру жоспарлануда.
«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры арқылы Арал және Қазалы аудандарындағы 160 мыңнан астам тұрғыны бар 65 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 1986 жылы пайдалануға берілген құбыр желілері айтарлықтай тозып, су қысымына төтеп бере алмау салдарынан апаттық жағдайлар мен уақытша ажырату жиі болады.
Мәселені шешу үшін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының екінші тармағын салудың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жалпы 43,7 млрд теңге қаржыға 234 шақырым су желілерін салу көзделген. 2024 жылы республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініп, 23 шақырым су құбырының құрылысы аяқталды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан Ислам даму банкі арқылы тартылатын қарыз қаражаты есебінен 7,1 млрд теңгенің 6 жобасы қолдау тапты. Олар «Қараөзек» су қоймасын салу және су жеткізу каналдарын күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
