Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда автобус паркі», «Қызылорда су жүйесі» мекемелеріне барып, қызметкерлерді Жаңа жылмен құттықтады. Кездесу барысында өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.

«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен жаңа жобалар сәтті жүзеге асуда. Кейінгі жылдары өңірдегі ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларға қаражат бөлінді.
Сіздер қала тұрғындарына уақытпен санаспай, сапалы қызмет көрсетіп келесіздер. Тұрмыс-тіршілігімізге жайлылық сыйлап, аса маңызды салалардың дамуына зор үлес қостыңыздар.
Алдағы жылда игі істеріміз жалғасын тауып, Жаңа жыл кең байтақ елімізге молшылығы мен тоқшылығын, қасиетті жерімізге бақ-берекесін ала келсін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында қаладағы қалыпты тіршілікті қамтамасыз ету саласында аянбай еңбек етіп, тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасайтын сала қызметкерлері, еңбек адамдары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде «Қызылорда автобус паркінде» 300 автобус бар, 32 бағыт бойынша тұрақты қызмет көрсетеді. Серіктестікте 729 қызметкер еңбек етеді.
Электр автомобильдерін сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 100 автомобиль жеткізілді. Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалы саласында қызмет көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы 2023 жылы өңірге жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту туралы тапсырма бергені белгілі. Осыдан соң қызылордалықтардың арманына айналған мәселе оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа 26 млрд. 200 млн. теңге бөлініп, 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жобалар 2 кезеңмен іске асты.

Бірінші кезеңде 2024 жылы 186 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 11 млрд.теңге қаржы бөлініп, тұрғын үйлер ыстық суға қосылды. Екінші кезең бойынша 15,2 млрд.теңге қаржыға 237 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылуда.
Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд. теңгеге 61 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізілді. Сондай-ақ, арнаулы мемлекеттік қордан 10,2 млрд.теңге қаржы бөлінді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
