Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровпен кездесті. Кездесуде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.
Бұл ретте, Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті және «Қазақ инвест» ұлттық компаниясы тарапынан шетелдік инвесторларды тартуға, инвестициялық келісімшарт жасауға белсенді қолдау көрсетілгенін ерекше атап өтемін.
Осындай қолдаудың арқасында бүгінде түркиялық «Акса энерджи», германиялық «Медал груп», оңтүстік кореялық «Уиз ю», испандық «Рока груп», швейцариялық «Харвест агро» сияқты ірі инвесторлар өңірде өз жобаларын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, суару жабдықтары мен механикалық суару жүйелерін өндіретін америкалық «Рейнке» компаниясымен келіссөз жүргізіліп, жақын арада кездесу жоспарланған.
Өткен жылы 9 инвестор инвестициялық келісімшартқа және 1 инвестор инвестициялық келісімге қол қойды», – деді Н.Нәлібаев.
Былтыр өңірге 631,4 млрд. теңге инвестиция тарту межесі бекітілген. Индустриялық және инфрақұрылымдық жобалардың есебінен 774,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, индикатор 143,1 млрд. теңгеге артық орындалды. Тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша 280 млн. АҚШ доллар межесі бекітілген. 2025 жылдың 9 айында 205,7 млн. АҚШ доллар тартылып, өсім 19,1 пайызды құрады.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары аймақта құны 1 трлн 900 млрд теңгеге жуық 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасы жоспарланған.
Өз кезегінде Әлібек Қуантыров өзара ынтымақтастықты жалғастырудың және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасаудың маңызын атап өтті.
Қызылорда облысы әкімнің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
