Сәрсенбі, 27 қараша, 19:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  Қабылданған заң халықтың көкейіндегі мәселені шешуге ықпал етсе, мақсатымыз орындалғаны

21.10.2023

422 0

Сурет ашықдереккөзден

 Ел сенімін арқалаған депутаттардың жұмысына баға беретін халық. Сайлауға дейін берілген уәденің орындалуы, елдегі көкейтесті мәселелерге үн қосу, елге етене жақын болу – қай деңгейдегі депутаттың болсын, негізгі міндеті. Елге жақын депутаттың бірі – сенатор Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова. Оның әрдайым елмен кездесіп немесе БАҚ, әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысын үзбейтінін байқап та жүрміз. Елдік мәселелерге сергек депутатпен сұхбаттасудың сәті түсті…

– Ақмарал Шәріпбайқызы, жақында туған жерге келіп, ауыл- аймақты аралап, елдің жайын көзбен көріп, тұрғындармен пікірлесіп қайттыңыз. Қандай ой түйдіңіз? Қандай мәселемен бетпе-бет келдіңіз? Сыр өңірі сапарынан соң аймақтағы өзекті мәселелерді жинақтап депутаттық сауал жасау жоспарыңызда бар ма?

– 2020 жылы сырбойылық депутаттардың сенімінің арқасында Сыр елінің аманатын арқалап, Сенат депутаты болып сайландым. Содан бері елдің мәселесін республика деңгейінде көтеріп келемін. Өзім дәрігер болғандықтан денсаулық мәселесін жиі көтеретінімді халық біледі. Саладағы кейбір мәселелердің шешімін табуына үлес қостым деп айта аламын.

Өзіміз сайланған өңірдің түйткілді мәселесін орталықтағы құзырлы органдарға жеткізу, Үкіметтің назарын аудару – Сенат жұмысының бірден- бір бағыты. Осы мақсатта биылғы жазда барлық депутаттар әдеттегідей ауыл-аймақтарды аралады. Біз әрдайым аймақтардағы түйткілді мәселелерді орталыққа жеткізуге атсалысып жүрміз. Сыр өңіріне сапарымда әлеуметтік сала қызметкерлерімен, су шаруашылығы мамандарымен кездестім. Кездесу барысында су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы төмендігі көтерілді. Мәселені жіті зерттеу үшін мекеменің қаржылық жағдайын талқыладық. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі өз ұсыныстарын дайындап жатыр. Әрі қарай тиісті министрліктерге жеткіземіз. Сондай- ақ өңірдегі әлеуметтік мәселелердің бірі – Байқоңыр қаласындағы зейнеткерлердің жағдайы. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей ақпараттық жүйелер арасында интеграцияның жоқтығының салдарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілмей тұрғаны үлкен мәселе болып отыр. Бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолдадым, орындардың жауабы да келді. Алайда бұл жауаппен мәселе шешілген жоқ. Сондықтан бұл сұрақты қайтадан көтеріп, жұмыс жүргізудемін. Денсаулық саласындағы мәселелерге келер болсақ, бүгінгі таңда республика бойынша медициналық мекемелерде қалыптасқан кредиторлық қарыз үлкен мәселе екені даусыз. Сандарды сөйлетсек, 2021 жылдың қорытындысымен республикадағы медициналық мекемелер 46 млрд теңге қарызбен жылды аяқтаса, 2022 жылы бұл қарыз екі есе өсіп, 114 млрд теңгеге дейін жетті. Соның ішінде 4-5 млрд теңге қарыз Қызылорда облысына тиесілі. Бұл МӘМС қорына немесе жергілікті атқарушы органдарға байланысты деп айтуға болмайды, бұл денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шешілетін мәселе. Осыған орай министрлікке тиісті ұсыныстарымызды бердік. Сонымен қатар әлеуметтік салаға Үкімет тарапынан жетекшілік етіп отырған вице-премьер Тамара Дүйсенқызымен де бұл мәселені талқыладық.

– «Сайлау алдындағы бағдарламар және уәделер ретімен орындалу керек. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады», – деді Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев. Ел аманатын арқалаған депутат ретінде бүгінгі күнге дейін қандай мәселелердің шешімін табуына үлес қостыңыз?

– 2020 жылдан бері Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесе өңірдің бірқатар мәселесін Сенат қ а б ы р ғ а с ы н д а көтеріп жүрмін. Соның ішінде Көкарал бөгетінде күрделі жөндеуді қажет ететін бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаражат бөлуге атсалысып, экология минситрлігімен біраз жұмыс атқарып, оны бақылауда ұстап отырмыз деп айта аламын. Сондай-ақ Сыр өңірінде бой көтеріп жатқан Қан орталығы ғимаратын және көпсалалы облыстық аурухана салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге жергілікті әкімдікпен бірге атсалыстым. Сонымен қатар барлық аудандармен жергілікті бюджеттеріне байланысты тиісті министрліктермен бірлесе жұмыс жасап келеміз. Соның ішінде Арал қаласында көпір, көше салынуына, Жалағаш ауданында, Қызылорда қаласында әлеуметтік нысандар, жол, электр желісіне қатысты мәселелерді шешу үшін қаражат бөлуге өз тарапымнан, әрине, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеміз. Денсаулық саласының да түйткілді мәселелері аз емес. 2020 жылдан бастап көтеріп келе жатқан бір мәселе – медициналық мамандықтарға оқытуға мемлекет тарапынан бөлінетін грант қаржысының көлемін көбейту мәселесі. Бұл 10 жылдан бері өзгеріссіз қалған еді. Биыл қыркүйек айында медицина мамандарын даярлайтын барлық курстарға грант қаржысының көлемі көбейді. Бұл ертеңгі күні медициналық университеттерде оқып жатқан студенттердің білім сапасына, оқытушылар құрамының жалақысына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осыған орай республикалық бюджет комиссиясы отырысында 25 млрд теңге қаражат бөлінді. Екінші, санитарлық авиация мәселесі. 2021 жылы көтерілген сауалдың нәтижесінде тиісті салаға 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, медициналық және транспорттық тарифтер көтіріліп, санавиация алаңына самолеттерді алып келуге мүмкіндік жасалды. Тағы бір көкейтесті мәселелердің бірі – емдеу, диагностикалық хаттамалардың ескіруі. Соңғы бес жылда 78 пайызы қайта қаралмаған. Осы мәселені 2021 жылы көтеріп, 100 шақты хаттамаға, биыл наурыз айында өткен комиссия отырысында қаржы министрлігімен бірлесіп, жұмыс жүргізгеннің нәтижесінде 1,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, әрі қарай жұмыс жалғасын таппақ.

– Сенат қабырғасында қабылданған заңдардың ішінде сізді ерекше қуантқан сәттер болды ма? Сондай- ақ сенатор ретінде «түн ұйқыңызды төрт бөлетін», әлі де шешімін таппаған көкейтесті мәселе бар ма?

– Сенатқа келіп түсетін заңдар 6 комитетке бөлінеді. Оның ішінде өзім жұмыс атқарып отырған әлеуметтік комитетке денсаулық сақтау, білім және ғылым, әлеуметтік қорғау, мәдениет мәселелері туралы заңдар келіп түседі. 2022 жылы өзім бастамашы болған мүгелектігі бар жандардың мәселелеріне байланысты, олардың өмір сапасын жақсартуға арналған заң әзірленді. Сол заңды әзірлеу барысында 100-ге жуық мүгедектігі бар жандардың ішінен және осы салада жұмыс істеп жатқан азаматтардан құралған жұмыс тобы құрылған еді. Жұмысшы тобында біраз мәселені көтердік. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар санаторлық жолдаманы өз балаларына толық пайдалана алмайды екен, атап айтқанда, бір жылға берілген жолдаманың 14 пайызы ғана пайдаланылған. Себебі жол қаражаты қарастырылмаған. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары көбіне жұмыссыз немесе әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан тегін жолдаманың өзі қолжетімсіз болып қала беретіні алаңдатарлық жағдай. 2022 жылы қабылданған заңның арқасында бұл мәселе республика бойынша шешімін тапты. Осы заң қабылданғанда мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата- аналардың бір арманы орындалып, мәселенің шешімін табуына әріптестермен бірге үлес қосқанымызға қуандық.

– Елімізде МӘМС жүйесі жүзеге асып жатқанмен, халықтың көңіл толмайтын тұстары аз емес. Бұл жүйені әлі де пысықтау керек сияқты…

– МӘМС жүйесіне қатысты біраз сын айтылуда. Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Біріншіден, денсаулық саласының біраз жылдан бері халыққа көрсететін қызметтерінің сапасының төмендігі, қолжетімсіздігіне байланысты халықтың сенімі де азайды. Сондықтан да көпшілік МӘМС жүйесі арқылы медициналық қызмет алудан бас тартуда. Бүгінде орташа есеппен 3,5 млн халық МӘМС жүйесіне енбей отыр. Бұл – өте қауіпті нәрсе. Біріншіден, емдеу мекемелерінде жоспарлы түрде көрсетілетін қызметтердің қолжетімсіздігі. Мысалы, бізде 6 скрининг болса, оның 3-і мемлекет тарапынан кепілдендірілген пакетте қарастырылған. Атап айтқанда, қант диабеті, глаукома, қан қысымы ауруын анықтау, ал үш скрининг онкологиялық ауруларды анықтауға арналған. Бұл скрининг МӘМС жүйесін пайдаланатын азаматтарға ғана қолжетімді. Жалпы, скрининг халықтың барлығына бірдей қолжетімді болуы тиіс. Әсіресе онкологиялық ауруларды ерте анықтау азаматтарды дер кезінде емдеуге де, бюджетке салмақ салмауға да тиімді. Бұл мәселені Сенат қабырғасында көтердік. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешуге оң көзқарас білдірген сияқты. Мәселенің соңына дейін шешімін табуға жұмыс істейміз. Сонымен қатар елімізде соңғы жылдары туу көрсеткіші жоғары екені белгілі. Алайда ана мен баланың денсаулығы маңызды. Ана мен балаға тиісті медициналық бақылау қажет. Сондай-ақ медициналық қызметті алудың арқасында, жүктілікке дайын болу дүниеге дені сау бала келуіне әсерін тигізеді. Ал әлгі айтқан 3,5 млн халық МӘМС жүйесінен сырт қалу арқылы денсаулығын күтуден тыс қалып отыр. Сондықтан әлі де ана өлімінің жоғары көрсеткіші, сәби өлімі, балалар арасында мүгедектіктің болуы секілді әлі де шешімін таппай отырған мәселелердің бірден-бір себебі осы деп айтуға болады. МӘМС жүйесі, әрине, керек. Себебі бұл – қосымша қаражат көзі. Бірақ денсаулық саласына бөлінген бюджет қаржысын және МӘМС жүйесі тарапынан берілген қаражатты тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр.

– Депутаттық сауалыңыздың бірі обаға қарсы күрес станцияларының жағдайы, ондағы қызметкерлердің жалақысы жайына арналғаны белгілі. Әлеуметтік желі арқылы бұл мәселеге пікір білдіргендер де аз болмады. Нәтижесі қалай?

– Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан жерінің 70 пайызы обаның ошағы болып саналады. Соңғы 20 жылда елімізде оба ауруының тіркелмеуі алдын алу жұмыстарының нәтижесі деуге болады. Бүгінде дүние жүзінде климаттың өзгеруі, ауа температурасының жыл өткен сайын көтерілуі, судың азаюының әсерінен бұл мәселе күрделене түседі. Сондықтан обаға қарсы күрес станциясы қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысы мемлекет тарапынан тиісті бағаланып, жағдай жасалуы керек. Бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайды. Біздің міндетіміз – Үкіметтің назарын аудару. Өз кезегінде Үкімет тарапынан бақылауға алынып, мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда.

– Халық үнін еститін депутаттар қатарынан екеніңізге еш күмәніміз жоқ. Тұрғындар көбіне қандай мәселемен хат жолдайды? Сонымен қатар қарапайым халық айтқан мәселеге назар аударып, шешімін тапқан кезі бар ма?

– Әрине, халық тарапынан сұраныс та, ұсыныс та түсіп жатады. Өзім дәрігер болғандықтан, халық тарапынан денсаулық саласына қатысты, оның ішінде емделуге байланысты сұрақ көп қойылады. Оның ішінде Қазақстанда емделмейтін науқастарға байланысты мәселелер де кездеседі. Мен қай кезде де халықтың өтінішін жерде қалдырмай, дер кезінде шешімін табуына көмектесуге тырысамын. Сонымен қатар өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты әр саланың мамандары көтерген сауалды тиісті министрліктерге жеткізіп, назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе, Арал өңірі тұрғындарының денсаулығына байланысты ғылыми зерттеу жасау үшін жоба әзірлеп жатырмыз. Ең бастысы, халық сенімін арқалаған соң, елмен тығыз байланыстамыз. Елдің мәселесін Үкіметке жеткізуге, Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмысты халыққа жеткізуге, бір сөзбен айтқанда билік пен халық арасындағы алтын көпір қызметін сапалы атқаруды Сенат депутаты ретінде міндетім деп санаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: