Биыл аралдық өрендер жаңа да жайлы мектептерде білім алады. Ауданда 2023-2025 жылдар аралығында 10 білім ордасын салу жоспарланған. Бүгінде жоба-сметалық құжаты дайын, сараптамадан өткен Сапақ және Жалаңаш елді мекеніндегі мектептерді салу мәселесі қаралуда. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 300 орындық білім ошағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев айтты.
Аралда жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралаған аудан әкімі білім беру саласында ілкімді істер барын жеткізді. Биыл халық сұранысына сай Ақшатау елді мекеніндегі мектеп құрылысы жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынған. Сонымен қатар 240 орындық 2 жеке балабақша пайдалануға беріліп, тағы 3 тәрбие ошағын ел игілігіне беру жоспарлануда.
Жалпы аудан бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 105,3 пайызға артқан. Сондай-ақ Арал қаласына 4,5 миллиард теңге, ауылдық округтерге 4,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп саласында 459,2 мың тонна тұз, 87,4 мың текше метр табиғи құм, 158,2 мың тонна йодталған тұз, 3249 тонна балық және балық өнімдері өндірілген. Ауданда 5 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тұрақты жұмыс істесе, мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге аспақ.
Арал ауданында биыл құрылыс саласы қарқын алған. Салада айтарлықтай өсім барын аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы да ерекше атап өтті.
– Биыл алты айда ауданда 4,8 миллиард теңгенің құрылыс жұмысы жүргізілді. Аймақта газдандыру жұмысы жүйелі жүргізілуде. Жақында Сексеуіл кенті «көгілдір отынға» қосылады деп күтілуде. Шижаға елді мекенін де газбен қамту көзделген. Сонымен қатар Арал қаласында «Руханият» орталығы мен туберкулезге қарсы күрес диспансері ғимаратын «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы етіп қайта жаңғырту жобасының құрылысын бастауға дайындық жүргізілуде. тағы бір айта кетер жайт, биыл Арал қаласында кәріз желісінің құрылысы жүргізіледі. Соның нәтижесінде жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын кәріз желісіне 15 әлеуметтік нысан қосылады. Бұдан бөлек елді мекендерді дамыту мақсатында аудан бюджеті есебінен Қамыстыбас, Қосжар елдімекенінде әкімдік ғимараттары салынуда. Бұл нысан алдағы уақытта пайдалануға беріледі. «Инфрақұрылымды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасымен» ауданда «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» және Аққұлақ елдімекеніне кіре беріс 8 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм» автожолын орташа жөндеу жұмысы басталады. Бұдан бөлек Арал қаласындағы темір жол үстінен өтетін көпір құрылысы жыл аяғына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 300 орындық 4 мектеп бой көтеруі тиіс. Биыл Арал қаласының «Арай» шағын ауданы мен Сексеуіл кентінде салынып жатқан білім ордасы пайдалануға беріледі, – деді аудан басшысы.
Биылғы алты айда ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар, жүзеге асар жобалар да жетерлік. Қай салада болсын өсім байқалады. Аудан басшысы биыл Кіші Арал теңізіне 70 текше метр су түсіп тұрғанын, бұл былтырға қарағанда 10 есе артық екенін тілге тиек етті. Ауданның негізгі шаруашылығының бірі саналатын балық өндірісі де қарқын алған.
– Ауданда тоғанда балық өсіру шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта балықты қолдан өсіру бойынша барлығы 10 жоба жүзеге асу жоспарланса, қазіргі уақытта 5 тоғанда балық өсіру шаруашылықтары іске қосылды. Қалған 5 жобаны жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланған. Маусым айында тұқы өсіретін «Арал Рыбторг» ЖШС 7,7 миллион дана тұқы тұқымын тоғанға жіберді. Күзге дейін тоғандардың ауданын 25 гектарға кеңейтіп, қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цехты орнату жұмысы басталады. Аталған мекеме тарапынан тауарлы балықтың алғашқы партиясын келер жылы аулау жоспарланған. Жоба құны – 150 миллион, ал қуаттылығы жылына 300 тонна болмақ, – дейді Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев.
Ал денсаулық саласы бойынша Сексеуіл кентінің халқы көптен күткен 40 орындық аурухана қараша айында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге Тоқабай елді мекенінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталған. Аудандық аурухананың жанынан жапсаржай және Арал қаласының Шанхай шағын ауданынан емхана құрылысы да жуық арада басталады.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!