Қызылордада өткен республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысына қатысушылар қайта жаңғыртылған Президент паркіне тал екті. “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шараға эковолонтерлер, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің еріктілері, жастар ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Шара барысында 165 түп қайың, үйеңкі және туя көшеті отырғызылды.



Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қонақтарды Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарымен де таныстырды. Мұнда ауқымды абаттандыру жобалары қолға алынған. Бас мердігер Bi Global ЖШС осы аумаққа 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, 50 метрлік айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік-санитарлық нысандар орналастырмақ.




Саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бұл нысандардың бас мердігері Alem Qurylys AQ ЖШС спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салуды қарастырған.


Еске салайық, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.



Оған 484 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысып, 21 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 3 733 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 332 су объектісі, 44 394 көше бойы, 11 025 көпқабатты, 33 369 жер үй аулалары тазартылды. Оған 540-тан аса техника жұмылдырылды.
Жыл басынан бері облыс аумағына 255 500 түп өңір климатына жерсінетін қарағаш, терек және Сыр талының көшеттері егілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!