«Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына Еуропаның, Азия мен Африканың 15 елінен келген конституциялық бақылау органдарының төрағалары мен судьялары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, жетекші заңгер-ғалымдар мен құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының басшылары, адвокатура мен ғылыми қоғамдастық өкілдері жиналды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының еліміздің Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырған форумына 150-ден астам қатысушы келді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова пленарлық отырысты ашу барысында форумның өзектілігі құқықтың рөлін тек жеке мемлекет шеңберінде ғана емес, әлемдік қауымдастық ауқымында да түсіну қажеттігінен туындайтының атап өтті. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер дәуірінде бейбітшілікті сақтау мен дауларды шешудің ең сенімді тетігі – құқық. Ол қоғам өмірін болжамды етеді, ал бұл тұрақтылық пен дамудың негізгі шарты.
«Конституция – жай ғана заң емес, ол теңдік пен әділдіктің, адам құқықтарының кепілі. Ол қоғамның билікке сенімін арттырып, диалогты күшейтеді. Конституциялық экономика меншік құқығын қорғайды, инвестиция мен инновацияға жол ашады. Бұл – ұзақ мерзімді өсудің берік іргетасы. Сондықтан «бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» – күшке емес, заңға сүйенетін, әділдік пен тұрақтылықты басты құндылық ететін қоғамға апарар жол», – деп атап өтті Азимова.
Халықаралық форумның пленарлық сессиясында Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссияның (Венециандық комиссия) Президенті Клер Бази-Малори ханым сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстанды Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, заң үстемдігінің, адам құқықтарын қорғаудың және конституциялық соттардың мемлекеттің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті. Бази Малори ханым Венециандық комиссияның Қазақстанмен табысты ынтымақтастығын атап өтіп, оны одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Жоғарғы Сотының төрағасы Мохаммед Хамад Мохаммед әл-Бади әл-Захри өз елінің конституциялық әділет тәжірибесімен бөлісті, оның ішінде азаматтардың конституциялық рәсімдерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және сот процесін оңтайландыру үшін цифрлық технологияларды қолдануға тоқталды. Ол конституциялық әділеттің қоғамның билік институттарына деген сенімін нығайтатынын, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына ықпал ететінін және бейбітшілік пен әділетті болашақты құрудың негізгі факторы болып табылатынын атап өтті.
Зимбабве Жоғарғы Сотының төрағасы Люк Малаба конституциялық соттардың заң арқылы бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, конституциялық бақылау конституционализм, заңның үстемдігі және биліктің бөлінуі қағидаттарын қолдайтын негізделген құқықтануды қалыптастыруға мүмкіндік береді және мемлекеттің тұрақтылығы мен заңдылығын нығайтудың маңызды құралы болып табылады.
Моңғолия Конституциялық Сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа конституциялық соттардың заңның үстемдігін, адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғаудағы рөліне назар аударды. Ол заң бейбітшіліктің, тұрақты дамудың және адамдардың әділетті өмір сүруінің негізі болып табылатынын, ал халықаралық форум тәжірибе алмасудың және құқықтарды, бостандықтар мен әділеттілікті қамтамасыз ету үшін шешімдерді бірлесіп іздеудің маңызды платформасы ретінде қызмет ететінін атап өтті.
Форум үш тақырыптық сессия және кәсіби серіктестіктерді нығайту мен озық тәжірибелермен алмасуға арналған арнайы блокта нетворкинг форматында жалғасты.
Форум аясында әртүрлі елдердің жетекші конституцианалист-заңгерлері мен судьялары өз баяндамаларын ұсынды. Қырғызстан Конституциялық Сотының судьясы Чинара Айдарбекова адам құқықтарын қорғау мен тұрақты дамудың негізі ретінде заң үстемдігінің маңыздылығын атап өтті. Оңтүстік Корея Республикасының Конституциялық Сотының судьясы Ким Бок Хён билікті асыра пайдаланбаудың кепілі ретінде конституциялық сот өндірісін ерекше атап көрсетті. Тәжікстан Конституциялық Сотының судьясы Кувватзода Фотех Джума Конституцияның ұлттық құқықтар мен мүдделерді қорғаудағы рөлін баяндады, ал Германияның Рейнланд-Пфальц жеріндегі Конституциялық сот пен Жоғарғы әкімшілік соттың Президенті Ларс Брокер конституциялық нормаларға түсіндірме беру арқылы Ата заңның тұрақтылығы мен эволюциясына талдау ұсынды.
Негізгі бағдарламаға Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында, Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясында өткен шетелдік сарапшылардың қонақ дәрістері маңызды қосымша болды. Бұл шаралар академиялық және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ халықаралық тәжірибені қазақстандық мамандарға беруге ықпал етті.
Форум ұлттық құқықтық жүйелердің дамуына ықпал ете отырып, Конституциялық Сот төрелігі саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын растады.
ҚР Конституциялық сотының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!