Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Gezhouba Shiely Cement Company LLP бас директоры У Чжэньхуамен кездесті. Онда «Самара-Шымкент-Еңбекші» аудандық маңызы бар автомобиль жолының жағдайы және оны жөндеу мәселесі талқыланды.
Бұл жолдың ұзындығы 6 шақырым, өткен жылғы 1 тамызда 4,3 шақырымын серіктестікке тегін пайдалануға беру туралы келісімшарт жасалған.
Қазіргі таңда аталған учаскеге күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жөндеу жұмыстарын бастау осы жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, “Шиелі-Тайқоңыр” автокөлік жолына Kazatomprom ұлттық атом компаниясының еншілес мекемесі «KAP Logistics» серіктестігінің қолдауымен жөндеу жүргізілуде.
Күрделі жөндеуге 2 млрд 555 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме PK Story Group серіктестігі қолға алған жолдың ұзындығы 13 шақырым, ені 7 метр. Жол жамылғысы толық жаңартылып, белгілер мен инфрақұрылым қауіпсіздік талаптарына сай орнатылуда.
Айта кетейік, 2022-2025 жылдары өңірде 1600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелі салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл мақсатқа 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қызылорда қаласында 270 көше қайта жаңғыртылды. Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге қарастырылып, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Нәтижесінде аймақтағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
