Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлердің қатысуымен Байқоңыр қаласындағы 250 пәтерлік 5 тұрғын үйді табыстау рәсімі өтті.

Рәсімде аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңіріндегі құрылыс, әсіресе, тұрғын үй құрылысының қарқынын атап өтті.

«Кеше өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Ұлттық құрылтайдың осыдан 100 жыл бұрын Алаш қайраткерлерінің бастамасымен қазақ атауы қайтарылған Қызылорда қаласында өтуі тарихи мәнге ие.
Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне айналды. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат нәтижелі іске асуда.
Қармақшы ауданында 2023-2024 жылдары 2 млрд. 848 млн. теңгеге 207 пәтерлік 103 тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Өткен жылдың соңында Жосалы кентіндегі 50 пәтерлік 25 жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстадық.
Бірнеше жыл бұрын басталған, мердігердің салғырттығынан құрылысы тоқтап қалған Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. 433 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгін сол жұмыс толық бітіп, пәтерлердің кілтін өздеріңізге беруге жиналдық.
Жаңа қоныс – игіліктің бастауы. Баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, Қармақшы ауданының, Байқоңыр қаласының өркендеуіне еңбегі сіңген ардагерлер, тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Константин Бусыгин сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
Еске салайық, Президенттің, Үкіметтің қолдауымен, Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлесіп, қаланың, оған іргелес орналасқан Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән беріп келеді.
Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Көпқабатты тұрғын үйлер газға қосылды. Мемлекеттік бағдарламамен 50 пәтерлік бес тұрғын үй салынып, жаңа шағын аудан құрылды. Қаланың 95 шақырым су құбыры мен 85 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылуда. Тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдануына қажетті дене-шынықтыру кешені бой көтеріп келеді.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатылып, бірлескен жобалар қолға алынған. Қор 12 млрд. 851 млн. теңгеге әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
