Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала басшылары, балабақшалардың құрылтайшылары қатысты.
«Барлық балабақша меңгерушілеріне ата-ана төлемақысының бекітілген сомадан аспауы қажеттігін ескертемін. Тасымал мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Балалардың қауіпсіздігі – басты талап. Автокөлікке қойылатын арнайы талаптар қатаң сақталуы тиіс. Қала, аудан әкімдері, жергілікті полиция басқармаларымен бірлесе отырып, «Балабақшадағы қауіпсіз тасымал» рейдтік шарасын ұйымдастырыңыздар. Мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі құжаты – балабақша жарғысы. Жарғыда бекітілген жұмыс уақытының дұрыс рәсімделмеуі, бекітілген жұмыс кестесінің сақталмауы барлық балабақшада кездескен. Жарғыны қайта қарап, тиісті заңнама талаптарына сәйкестендіруді және орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – Данияр Жаналинов.
Айта кету керек, аймақта 676 мектепке дейінгі ұйымда 50 079 бала тәрбиеленуде. Жалпы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 100%, ал 2–6 жас аралығындағылардың қамтылуы 92,6%.
Осы жылдың сәуір-маусым айлары аралығында қала және аудандық білім бөлімдері меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарға жоспарлы мониторинг жүргізді. Мониторинг нәтижесінде 91 балабақшада түрлі заңбұзушылықтар анықталып, соның негізінде оларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тоқтатылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!