Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде газ саласын дамыту және цифрландыру, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан соң аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте газдандыру жобаларына, мәдени мұраларды сақтауға қатысты тапсырмалар жүктелді.
«Газдандыру жобаларын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етіңіздер. «ҚазақГаз Аймақ» мекемесінің қолданыстағы инвестициялық бағдарламасының мерзімі аяқталады. Алдағы бесжылдыққа жаңа инвестициялық бағдарлама дайындалуы тиіс. Ескерткіштер аумағына ақпараттық тақтайшалар, жол белгілерін орнатып, ауласына санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру керек. «Руханият орталықтарындағы» аудан тарихы музейлерінің экспозицияларын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген тарихи жәдігерлермен толықтырыңыздар. Президентіміз бен Үкімет тарапынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға баса мән берілуде. Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өнеркәсіпті дамыту қоры сараптамасының екінші кезеңінен барлық жобаның өтуін қамтамасыз етіңіздер. Мамыр айында елімізде маңызды қоғамдық-саяси шаралар өтеді.1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, бұдан бөлек, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Мерекелерді негізгі идеологиялық бағыттар аясында жоғары деңгейде атап өтуіміз қажет. Президент Әкімшілігі бекіткен тұжырымдамаға, көрсетілген ұстанымдарға сәйкес жұмыс жүргізілуі тиіс», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кету керек, аймақта елді мекендерді газдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Өңірдегі қалалар мен аудан орталықтары түгелдей, оған қоса 45 ауыл табиғи газға қосылған. Өткен жылы газдандыру жобаларына 30 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, 11 елді мекеннің 40 мыңға жуық тұрғыны газ тұтынуға көшті. Жыл басынан бері тағы 5 елді мекен газдандырылып, өңір халқын газбен қамту деңгейі 80,8 пайызға жетті. Биыл газдандыру жобаларына 6 млрд. 100 млн. теңге қаржы бөлінген.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!