Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Ұлттық қордағы активтерді басқарудың ашықтығына қатысты мәселе көтерді.
«Әрине, Ұлттық қорға қатысты мәселелер қоғамның ерекше назарындағы мәселе. Ұлттық Банк бұл қорға қатысты сенімгерлік басқарушы болып саналады. Сондықтан бүкіл есептілік Ұлттық Банк тарапынан Үкіметке жыл сайын беріліп отырады. Оны Қаржы министрлігі жинақтап, Президенттің Жарлығымен бекітіледі, одан кейін міндетті түрде жариялануы тиіс. Дегенмен де, соңғы жылдары бұл ақпарат толығымен жарияланған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, халықаралық арбитражда резонанстық істер болды. Жақын арада Жарлық шығады. Биылдан бастап осы есептілік толығымен жарияланатын болады», – деді Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев.
Сөзінше, есепте инвестициялық көрсеткіштер сияқты ақпарат болады.
«Ұлттық банк бұл есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ай сайын және тоқсан сайын өзіміздің сайтта және БАҚ-та жариялауды жөн көріп отырмыз. Қазір осы есептіліктің нысандары дайындалып жатыр. Егер де сыртқы бақылауға келетін болсақ, өздеріңіз білесіздер, Ұлттық қорға қатысты бақылау өте ерекше. Ұлттық қорды басқаруға қатысты кеңес бар және де осы қор қаражатының тиімді игерілуіне бақылау жүргізетін арнайы комиссия бар. Сондықтан да біз дәл қазір арнайы басқа да бір органның құрылуын жоспарлап отырған жоқпыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!