Ұлыстың ұлы күнінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев жақында ғана пайдалануға берілген сол жағалаудағы тұрғын үйлерге барды. Депутаттар жаңа пәтер алған тұрғындардың қонысына құтты болсын айтты. Жылдар бойы кезекте тұрып, жаңа үйге қол жеткізген қызылордалықтардың қуанышында шек жоқ.



Мереке қарсаңында табысталған 10 тұрғын үйді «Интегрострой», «Орион ЛТД», «Техоснастка-ремсервис», «Асар», «Авангард ПГС», «Аман құрылыс» және «Промстройсервис Е» серіктестіктері салған. Баспана кезегінде тұрған 400 отбасы әз Наурызды жаңа қоныста қарсы алуда.
Өткен жылы 2 477 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 36 млрд. теңге қаралса, биыл кезекте тұрған азаматтарға 2 400 пәтер табыстау үшін 55 млрд. 600 млн. теңге жоспарланған. Соңғы жылдары қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп келеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
