Сәрсенбі, 21 қаңтар, 12:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№5 (2217)
21.01.2026
PDF мұрағаты

Дөрбетқан Сұраған, математик-ғалым, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі: Білім саласына ерекше назар аударды

21.01.2026

60 0

Құрылтайда талқыланған мәселелер мен айтылған ұсыныстар ел тарихында қалатын елеулі оқиға. Қабылданған шешімдер еліміздің саяси жүйесіне, заман талаптарына сай түбегейлі өзгерістер енгізуге бағытталғаны байқалды. Бұл бағытта ұсыныстар да жасалды, Мемлекет басшысының өзі де ұсыныстарды қолдап, тиісті тапсырмалар берді. Ұлттық Құрылтайда ғылым мен жоғары білім саласы кеңінен талқыланды. Құрылтай мүшесі ретіндегі мақсатым – үкімет пен қоғам назарын ғылым мәселелеріне, білім мәселелеріне тұрақты түрде аударту. Бұған дейінгі Құрылтай отырыстарында да көптеген мәселе талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылды. Енді сол талқылаулардың нәтижесінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын қысқаша атап өтсем: «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселелері қозғалды, зерттеу университеттерін дамыту нақты қолға алынды. Бұрын «зерттеу университеті» деген ұғымға көпшілік толық мән бере бермейтін, ал қазір елімізде 5-6 университет осы бағытқа бет бұрып отыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін.

Қазіргі кезде «болашақта не істейміз?» дегеннен гөрі «қазір не істеп жатырмыз?» деген сұрақ маңызды болып тұр. Елордада жасанды интеллектіге арналған салалық университет ашу жоспарлануда. Сонымен қатар әлемдік, жаһандық талаптарға сай ғылыми қалашықтар ашылатын болады. Ғылымға қолайлы орта қалыптастыру, ғылымды жүйелі дамыту үшін осындай инфрақұрылымдық шешімдер қажет.

Дөрбетқан Сұраған, математик-ғалым, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі:  Білім саласына ерекше назар аударды

 Құрылтай аясында алдымен секциялық отырыс болды. Әсіресе білім мен ғылым секциясында үш сағаттай көптеген мәселені талқыладық. Жасанды интеллект төңірегіндегі мәселелерге айрықша мән берілді. Талқылаулар ұзақ әрі мазмұнды өтті. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор болды. Елімізге танымал ғалымдар, түрлі сала өкілдері қатысты. Мәселелерді біржақты қарамай, жан-жақты ұсыныстар жасалып, талқылауға салынды. Айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстар үкіметтің назарына жетеді, ескеріледі деп сенемін, үміттенемін. Мен жасанды интеллектке қатысты бірқатар мәселені көтердім. Қазір жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты қоғамда да, бизнеске қатысты салаларда да, ғылым мен технологияда да, әсіресе білім беру кеңістігінде үлкен революция жүріп жатыр. Мұндай үрдіске бәріміз де бейімделуіміз керек. Әрине, жастар бұл өзгерістерге тез бейімделеді. Ұлттық рухани әлеуетіміз де, жалпы мүмкіндігіміз де жастардың қолында, сондықтан жастарға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Жыл сайын көптеген оқушы мектеп бітіреді, көпшілігі студент атанып, жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Елдің дамуына үлес қосатын талантты жастарымыз көп. Ең бастысы – сол таланттарды тауып, дұрыс бағыт беріп, қолдау көрсету, мүмкіндігін ашу. Бұл – қоғамның да міндеті.

Қызылордада «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясының жұмысымен танысып шықтым. Талантты балаларды көрдім. Робототехника, математика және басқа да бағыттармен, жасанды интеллектпен айналысып жүрген жастар бар екен. Әсіресе дрондарды үйрену, дрондарды өндіру бағытында жаттығып жүргендерін байқадым. Сонымен қатар спортқа, ұлттық рухани құндылықтарға қатысты үйірмелердің де бар екенін байқадым. Осындай нақты іске бейім, талапты жастар елді алға қарай жетелейді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: