Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 21:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Елге үлгілі емхана

09.01.2024

677 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Қаладағы соңғы үлгіде бой көтерген медицина нысандарының ішіндегі көп функционалды қызмет көрсететін, жергілікті тұрғындардың денсаулық сақтау ұйымының бірі – №3-қалалық емхана. Бұл емдеу орны 52 616 тұрғынға қызмет көрсетеді. Соған сәйкес мұндағы 30 аймақ та толықтай жалпы тәжірибелік дәрігермен қамтамасыз етілген. Әр аймаққа 1700 тұрғын топтастырылған. Емханада 89 дәрігер, 287 орта буын медицина мамандары қызмет етеді. Емхананың бас дәрігері Жанат Қожариповадан емдеу орнының өзге емханадан ерекшелігі туралы сұрағанымызда мұнда амбулаторлық хирургиялық орталық жұмыс істейтінін жеткізді.

– Дәрігерлер емханада жұмсақ тін, буынішілік және сіңірдің қатерсіз түзілісі, сүйек тінінің остеосинтезі, абсцесс, фимозды ашу сынды отаны науқасты ауруханаға апармай осында жасай береді. Келешекте урологиялық науқастарға да ота жасау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұған қоса, емханада премиум класс ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйе жұмыс істейді. Бұл – заман талабына сай сапалы қызмет көрсететін құрылғы. Бұл құрылғы арқылы жүкті әйелдердегі нәрестенің туа пайда болған ақауын, жүрек ақауын, даун синдромын ерте сатыда анықтауға болады. Ерекше айта кететін жаңалық, «Денсаулық сақтауды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы игілігімен емханада ауруды басқару бағдарламасы енгізілген. Оның регистріне 3 нозология бойынша 3639 науқас енгізілген, – деді бас дәрігер.

Емдеу мекемесінде 2018 жылдың 2 сәуірінен бастап жедел жәрдем бөлімі ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Тәулік бойына 3 бригада жұмыс істейді. 3 санитарлық автокөлік GPSпен және дыбыс бергіш құралмен қамтылған. Қазіргі таңда дәрідәрмекпен және қажетті құрал-жабдықпен толықтай қамтылған. Сондай-ақ «egov» электронды үкімет веб порталы арқылы дәрігерді үйге шақыру, қабылдауына жазылу, бастапқы медициналық санитарлық ұйымға тіркелу қызметі бойынша «egov» бұрышы ашылып, түрлі қызмет алуда. Емхана интернетпен 100 пайыз қамтылған.

Емхана ішінде науқастың кедергісіз жүруі үшін навигация орнатылған 2 ғимараттың да бірінші қабатында «Санды пост» қойылған. 2018 жылдың 1 қарашасынан Call – орталығы жұмыс істейді. Орталық дәрігерді үйге шақыруға, қабылдауына жазылуға, МӘМС сұрағына жауап беруге, ауруханаға жатқызу порталын даярлауға, шағым, алғыс бойынша және тағы да өзге сұраққа жауап береді.

Науқастың өзіне-өзі қызмет көрсету үшін мүмкіндіктер қарастырылған. Сол мақсатта 3 терминал орнатылған. Терминалда барлық дәрігердің жұмыс кестесі көрсетілген. Сол кесте арқылы емделуші өзі қалаған дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Ол үшін өзімен бірге жеке куәлігі болуы қажет. Терминал емделушінің жазылған күні мен уақыты көрсетілген талон шығарып береді. Сонымен қатар дәрігердің қабылдауына алдын ала да жазыла алады. МӘМС жүйесінде кеңестікдиагностикалық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында емханаға тіркелген, медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ тұрғындарды ақпараттандыру, тү­сіндірме жұмысы кеңінен жүргізіледі.

Емхананың филиалы болып «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы» 2021 жылдан өз жұмысын бастаған. Орталық ауысымына 50 адам қабылдауға арналған. Заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Онда 12166 адам тіркелген. Орталықта кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық және міндетті әлеуметтік медициналық, алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек түрі бар.

Қаланың орталығында орналасқан заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған, білікті дәрігер мамандарымен мақтанатын емдеу мекемесі өздеріне бекітілген аумақтағы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Ақ халаттылар өткен жылды жемісті қорытындылап, жаңа жылда жұмысты жаңа қарқынмен бастап, ел алғысына бөленіп отыр.

Гауһар Асқарқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: