Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ауыстыра алады. Бұл қызмет құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған, құжат жоғалған, ұрланған немесе төлқұжат деректері өзгерген жағдайда қолжетімді. Қызмет іске қосылғаннан бері оны 7 000-нан астам адам пайдаланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қызметтің басты ерекшелігі – бұрын берілген жеке куәлік немесе төлқұжаттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі. Негізгі шарт – фотосуреті бар құжат соңғы үш жыл ішінде шығарылған болуы тиіс.
Қызметті пайдалану үшін:
- eGov Mobile мобильді қосымшасына авторизациядан өтіп, «Қызметтер» бөліміне өту қажет;
- «Жүргізуші және көлік» бөлімінен «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау;
- дайын құжатты алатын ХҚКО-ны таңдау;
- жүргізуші куәлігін ауыстыру себебін көрсету және фотосуретті жүктеу;
- қолтаңба үлгісін жүктеп, байланыс нөмірін енгізу керек;
- мемлекеттік бажды төлеу қажет (4 915 теңге);
- өтінімді Face/Touch ID көмегімен растау қажет;
- қызмет нәтижесі «Хабарламалар» бөлімінде қолжетімді болады.
Өтінім мақұлданғаннан кейін жүргізуші куәлігін таңдаған ХҚКО-дан жеке куәлікті және қолданыстағы жүргізуші куәлігін ұсыну арқылы алуға болады. Жаңа құжат берілгенге дейін бұрынғы куәлік жарамды болып қала береді (егер оның мерзімі аяқталмаса).
Қызмет eGov.kz порталында да қолжетімді. Қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!