Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім және ғылым саласының ардагері Серікбай Қошқаровты, денсаулық сақтау саласының ардагері Сағындық Шәмшиевті 80 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Мерекелік жиынға жауапты сала басшылары, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы мерейтой иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, олардың еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталды.
«Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған қазақтың киелі ордасы, құт-береке дарыған, бабалар дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сабақтастығы үзілмеген қасиетті мекен. Елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге, абзал да адал жандарға, еңбек адамдарына кенде емес.
Бүгінгі жиынымыз қажырлы еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағаларымыздың құрметіне арналады.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Серікбай Иманбайұлы мен Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері Сағындық Шәмшіұлы 80 жасқа толды. Қадірлі ағалар, мерейтойларыңыз құтты болсын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ғылым күніне» арналған салтанатты шарада еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл – ғылым мен білімге көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.
Сол жиында Серікбай Иманбайұлы отандық білім және ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін «Парасат» орденін алды.
Сағындық Шәмшіұлы ұзақ жылғы еңбек жолында бірінші санатты білікті дәрігер-хирург, мықты ұйымдастырушы ретінде тұрғындарға медициналық жедел жәрдемнің дер кезінде, сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етті. «Дәрігер жүрегі», «Жұлдыздар жанған жұмақ жер» атты кітаптары жарық көрді. Ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де осы салада қызметін жалғастыруда», – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты басқосуда мерейтой иелеріне облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай шапан жабылды.
Қоғам қайраткерлері, шараға қатысушы ардагерлер құттықтауларын жеткізді.
Жиын соңында Серікбай Қошқаров пен Сағындық Шәмшиев көрсетілген құрметке алғыс білдірді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!