Антониу Кошта халықаралық тәртіпке қауіп төндірген жаһандық шиеленістер мен қақтығыстар кезеңінде күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Еуропа Одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрі конструктивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауыңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркендеген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады, – деді Еуропалық Кеңес басшысы.
Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақстан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін, – деді Антониу Кошта.
t.me/aqorda_resmi
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
