Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта киік санын реттеудің негізгі қағидаттары айқындалғанын мәлім етті.
— Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес киік популяциясын басқару мәселесін кешенді түрде қайта қарастырып жатыр. Министрлік үшін басты қағидат — биоалуантүрлілікті сақтау мен ауыл шаруашылығы саласының мүдделерін тең үйлестіру. Қазіргі таңда киік санын реттеу мақсатында тікелей ізгілікке қайшы әдістерден бас тартылып отыр, — деп жазылған жауапта.
Ведомство мамандарының мәліметіне сүйенсек ізгілікке қайшы әдістер үш бағытқа құрылған. Олар:
— Спутник арқылы бақылау жолымен киік миграциясы мен шоғырлануын мониторингілеу және болжау;
— Киік санын биологиялық шектерде (арнайы қаумалдарда) ұстау үшін ұзақ мерзімді ғылыми негізделген жоспар әзірлеу;
— Фермерлерге қолдау тетіктері — қоршау құралдарына субсидиялар, залалды өтеу әдістемесін әзірлеу;
— Тиісті заңнамалық өзгерістер — киік қозғалыс дәліздерімен үйлестіріп, жайылымдарды басқару.
— Министрлік «табиғатты қорғау — адамды қорғау» қағидатына сүйене отырып, халықаралық тәжірибе мен ғылыми ұсыныстар негізінде экожүйелік тепе-теңдікті сақтайтын ұтымды шешімдерді қарастыруда, — делінген ресми жауапта.
Ал бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында киік санын реттеу арнайы қаумалда ұстау немесе ату арқылы ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтқан еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!