Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысында Ата заңға енгізуге ұсынылған түзетулерді жан-жақты қаралды. Бұл түзетулер қоғам өкілдерінен, саяси партиялардан және сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен көптеген ұсыныстардың барлығы ескеріле отырып қалыптастырылды.
ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимованың хабарлауынша, Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге біріктірілді.
«Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық реформаның жоғары қоғамдық маңызын растайды. Мұндай диалог форматы негізгі қағидатты айқындайды: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді Эльвира Азимова.
Отырыс барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды.
Атап айтқанда, Әділет министрі түзетулерді Конституцияның Үкіметтің, Конституциялық Соттың, прокуратура органдары мен сот билігінің жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін реттейтін бөлімдері мен баптарына енгізу ұсынылып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, түзетулердің жекелеген блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау тәртібі, депутаттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі.
Үкіметтің функцияларын реттеу бөлігінде мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады.
Сонымен қатар, Конституцияда сот билігінің әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырылатыны тікелей көрсетілуі ұсынылады. Бұл құқық үстемдігі қағидатын нығайтуға және мемлекет пен азамат арасындағы нақты теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін кешенді түрде арттырады.
«Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан, дәйекті әрі құқықтық алаңда әрекет ететініне деген болжамдылық пен толық сенімді білдіреді. Әлеуметтік міндеттемелер орындалады, экономикалық үрдістер жалғасады, халықаралық міндеттемелер сақталады», – деді әділет министрі.
Өз сөзінде Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке көшуге байланысты Конституцияның тиісті баптарына көптеген өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Ұсынылатын тәртіпке сәйкес, Құрылтай Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Нұрлан Бекназаров сондай-ақ Конституцияға Халық кеңесінің өкілеттіктері туралы жеке бөлім енгізу оның айрықша маңызын айқындайтынына назар аударды.
«Халық кеңесі – Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган, оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан қалыптастырылады. Халық кеңесін құру тәртібі, оның құрамы, өкілеттіктері және қызметін ұйымдастыру мәселелері Конституциялық заңмен бекітіледі», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық комиссия мүшелеріне бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген түзетулердің салыстырмалы кестесін таныстырды.
Оның айтуынша, жинақталған ұсыныстар Қазақстанның конституциялық құрылысының негіздерін нақтылау мен нығайтуға, жекелеген нормалардың құқықтық айқындығын арттыруға және құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Ерекше назар Преамбуланы күшейтуге, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бостандық пен қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылды.
«Ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық нормалардың іс жүзінде қолданылуын күшейтуге және оларды түсіндіруде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған», – деп түйіндеді Снежанна Имашева.
Конституциялық комиссияның мүшелері жекелеген жұмыс секциялары шеңберінде Негізгі заңға ұсынылған түзетулерді талқылауға кірісті. Келесі отырыс бүгін сағат 16.00-де өтеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
