Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Вьетнам делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.
– Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы пікір алмасты. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асты. Осы ретте Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды.
Өз кезегінде То Лам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгтың ыстық ықыласын жеткізді.
– Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалады. Содан бері екі елдің байланысы көшбасшылар мен азаматтардың күш-жігері арқасында ұдайы дамып келеді. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза, – деді Вьетнам Компартиясы ОК Бас хатшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Вьетнам мәдениетінің күндерін өткізудің маңызына тоқталып, оның мәдени диалог пен халықтар бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін айтты.
Президент мәртебелі мейманға Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери парад өтетінін айта келіп, Қазақстан мен Вьетнамның әскери-техникалық серіктестігін нығайтуға отандасымыз, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Жансен Кереев 1982 жылы Вьетнам халық армиясы штабының аға кеңесшісі ретінде іссапарға жіберілген. Ол Вьетнам Қарулы күштерін бірге құрысып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға атсалысты. Хо Ши Миннің шешімімен Жансен Кереев Вьетнамның ең жоғары әскери наградасы – Қызыл ту орденімен марапатталды.
Кездесу соңында Президент Бас хатшы То Ламның елімізге сапары қазақ-вьетнам достық байланыстары тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатынына сенім білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!