Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновті 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Мерекелік басқосуға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы мерейтой иесінің еңбек жолына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
«Еліне адал қызмет етіп, сый-құрметке бөленген Мұрат Абдуламитұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше.
Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, Мәжіліс депутатына дейін сан түрлі қызметтерді абыроймен атқарған азаматқа бүгін Өздеріңізбен бірге арнайы құрмет көрсетуге жиналдық.
Мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен білікті басшы, мықты ұйымдастырушы ретінде Сізді Сыр жұртшылығы жақсы біледі.
Туған жерде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы, облыстық ішкі саясат департаментінің директоры, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, халықтың алғысы мен зор құрметіне бөлендіңіз.
Елордамыз Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы басқарушылық қызметте, Парламент Мәжілісінің төртінші, бесінші, сегізінші шақырылымдарының депутаты, Білім және ғылым вице-министрі ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қостыңыз.
«Серпін-2050» әлеуметтік жобасының республикалық үйлестіру кеңесіне жетекшілік еткен кезеңде бағдарлама еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың біріне айналды.
Жоғары лауазымды қызметтерді атқарумен қатар, медиа саласында да ұтымды жобаларды жүзеге асырып, ақпарат кеңістігінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтердіңіз.
Қазіргі таңда Мәжіліс депутаты ретінде халықтың әл-ауқатын жақсарту, облыстық бюджет қазынасын арттыру, кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелерді шешу жолында еңбек етудесіз.
Ақ пейілді жерлестеріңіздің атынан Сізді бүгінгі мерейлі жасыңызбен шын жүректен тағы да құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, қызметіңізге толағай табыс тілеймін», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында мерейтой иесіне облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, сый-құрмет көрсетілді.
Қызылорда облысының құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов, Биғали Каюпов, Дайрабай Ысқақов Мұрат Әбеновтің қызмет жолындағы жетістіктеріне тоқталып, Руслан Рүстемов құттықтауын жеткізді.
Кездесу соңында Мұрат Абдуламитұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да егемен еліміздің мүддесіне бағытталған жұмысы жалғаса беретінін айтты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!