Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру, Үкімет қаулыларының жобалары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Мемлекеттік қызмет көрсетуде заң бұзушылықтың алдын алып, бақылауды күшейтіңіздер. Қызмет көрсетуші мекемелерге нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын жүйелі түрде түсіндіріңіздер. Барлық мемлекеттік органда мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін үйлестіріңіздер. Алдымызда өте жауапты су қабылдау кезеңі тұр. Өңірдегі су шаруашылығы нысандары науқанға толық дайын болуы тиіс. Су шаруашылығы мекемелерінің басшылары, Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен бірлесіп, 10 күн ішінде су нысандарының дайындығын, канал тазалау жұмыстарын зерделеп, нәтижесін баяндаңыздар. Су шаруашылығының жағдайын, егіс пен экологиялық мұқтаждыққа қажетті су көлемінің тиісті деңгейде бөлінуін қатаң бақылауға алыңыздар. Биылғы оқу жылының аяқталуына да аз уақыт қалды. Маусымның бірінші күнінен жазғы тынығу лагерьлері жұмысын бастайды. Каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және қосымша білім алуын ұйымдастыру өте маңызды. Білім басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілер есебінен балаларымыздың өзге өңірлерде де тынығуын үйлестіріңіздер»,– деді Н.Нәлібаев.
Өңірде мемлекеттік мекемелер 184 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуды арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарда, білім беру ұйымдарында, емханалар мен ауруханаларда 960 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылып, жұмыс жасауда. Өткен жылы 5 563 096 мемлекеттік қызметтің 98,6%-ы электрондық үкімет веб-порталы мен ақпараттық жүйелер арқылы көрсетілді. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарын мемлекеттік қызметтерді онлайн алу дағдыларына үйрету арқылы цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Жол картасы бекітілді. Тұрғындар арасында, студенттерге, жоғары сынып оқушыларына электронды қызметтерді алуды оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!